Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Марқакөл ауылында ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық заңнамасын түсіндіру мақсатында құқық қорғау және уәкілетті органдардың, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен кең ауқымды көшпелі семинар өткізді.
Семинарды Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш ашып, аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Ол шараның мақсаты – халықтың салықтық сауаттылығын арттыру, әділ салық салуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы азайту екенін айтты.
Марқакөл ауданы – Қазақстан Республикасының шекаралық аудандарының бірі. Бұл өңір мыс өндірумен қатар, туризм және мал шаруашылығына маманданған маңызды ауыл шаруашылық аймағы болып табылады.
Туризм – өңір дамуының бастау нүктесі ретінде қарастырылады. Шығыс Қазақстан облысында туристік ахуалды жақсарту мақсатында кешенді тәсіл қалыптасқан. Ол көлік инфрақұрылымын дамыту, туристік өнімдерді жасау және негізгі туристік бағыттар – соның ішінде Марқакөл көліне апаратын жолдар бойындағы жұмсақ инфрақұрылымды жетілдіруді қамтиды.
Марқакөл ауданының жалпы ауданы 11,0 мың шаршы шақырымды құрайды. Ауданда 22 елді мекен орналасқан. Тіркелген бизнес субъектілерінің жалпы саны – 612, оның ішінде 105-і – заңды тұлғалар, 507-сі – жеке кәсіпкерлер.
Аудан аумағында демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және өзге де қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. 363 бақылау-касса аппараты тіркелген. Бұдан бөлек, 14 нысан қолданыстағы лицензиялар негізінде алкоголь өнімдерін сатумен айналысады.
Жиын барысында Департамент өкілдері салық органдарында тіркеуге тұру, ККМ мен пост терминалдарды қолдану, кірістер мен жалдамалы қызметкерлер туралы мәліметтерді салықтық есептілікте көрсету тәртібі, туризм нысандарына салық салу мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек сату лицензиясын алу тәртібі туралы ақпарат берілді.
Семинар қатысушыларына жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар туралы ақпарат жеткізіліп, «Чекті талап ет – жүлде ұтып ал», «Бәйге» акциялары мен «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының шарттары таныстырылды.
Семинар соңында Департамент, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері Марқакөл ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Іс-шараға қатысушыларға салық салуға қатысты жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылды.