Облыс орталығында «Отбасылық құндылықтар үйлесімі» атты танымдық-ойын бағдарламасы өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шараны Шығыс Қазақстан облысының архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтты музей-қорығының қызметкерлері ұйымдастырды.
Қасым Қайсенов атындағы саябақта өткен бұл іс-шара музейдің жас мамандары мен олардың отбасыларын бір шаңырақ астына жинады. Бағдарламаның мақсаты – ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту, отбасылық жауапкершілікке тәрбиелеу.
Қатысушылар қазақтың «Тақия» ойыны, орыс халқының «Матрёшка» ойыны, украиндардың «Төрт табиғи күш» ойыны сынды түрлі ұлттық ойындар мен викториналарға қатысып, отбасылары туралы өлеңдер айтып, дәстүрлерімен бөлісті.
Іс-шара аясында әртүрлі ұлт өкілдерінің отбасылық құндылықтары мен дәстүрлеріне ерекше мән берілді. Бұл – тек ойын ғана емес, ұрпаққа мәдени мұраны жеткізудің жарқын үлгісі. Шара «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында өтті.