Ұлттық бірыңғай тестілеуден Шығыс Қазақстан облысы бойынша бүгінге дейін ең жоғары балл жинаған оқушы – Тарбағатай ауданы, Шорға ауылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушысы Аяужан Мұратова. Ол ең жоғарғы 140 баллдың 139-ына ие болды. Білім басқармасы мұны облыс бойынша ең үлкен көрсеткіш деп жазды.
"Жас түлек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдады, бұл оның ана тілі мен мәдениетіне деген терең құрметін көрсетеді. Осындай тұлғалар мәдени мұра және тілдік дәстүрлерді сақтау мен насихаттаудың маңызды буыны болып табылады. Аяужан болашақ шәкірттерін қазақ тілі мен әдебиетін үйренуге шабыттандырып, оларға үлкен қуаныш пен пайда әкелетініне сенімдіміз",- делінген ШҚО білім басқармасының ақпаратында.
Аяужанның өзі ҰБТ-ға дайындық кезінде біраз қиындықтар болғанын, бірақ үздіксіз еңбек пен талпыныстың арқасында осындай нәтижеге жеткенін айтты. Сонымен қатар, таңдаған мамандығы мен түсетін оқу орны туралы да сұрап көрдік.
«Мен ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастадым. Басында қалай, неден бастау керегін білмедім. 10-сыныпта ешқандай курссыз дайындалдым, ал 11- сыныпта курсқа жазылып, дайындықты одан ары жалғастырдым. 5 пәннен дайындықты қатар алып жүру маған қиынға соқты. Оның үстіне мектеп сабақтары, әртүрлі олимпиадалар, мектеп бітіру дайындықтары болғаныдықтан баланс ұстау қиын болды. Басында тек таңдау пәндеріме көңіл бөлдім, кейін жоспар құру арқылы 5 пәннен де жүйелі дайындық жүргізуге тырыстым. Қазіргі таңда филология мамандығын таңдап отырмын. Мамандықты өз қалауыммен таңдадым, себебі тіл саласы мені қатты қызықтырады. Ал таңдаған оқу орным – Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университеті»,- дейді Аяужан Мұратова.
Аяужан олимпиадалардан да тыс қалған емес. Ол облыстық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. Осы жылы өткен «Ауыл балалары» республикалық олимпиадасында І орын алып, С. Аманжолов атындағы ШҚУ грантын жеңіп алды. Аяужан біздің тілшімізге жүлделі орындар мен жетістікке жету құпиясын бөліскен болатын.
«Республикалық деңгейдегі жүлделерге жету үшін көп еңбек қажет деп ойлаймын. Себебі, қанша қабілет болса да еңбектеңбесен ешқандай нәтижеге жете алмайсың. "1 пайыз талант 99 пайыз еңбек" демекші, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тыңбай еңбектену керек»,- дейді Аяужан.
Аяужан болашақ ҰБТ тапсырушыларға деп бірнеше кеңес берді. Оның айтуынша, ең алдымен мамандықты дұрыс таңдау маңызды. Кейін дайындықты мейлінше ерте бастаған жөн. Неғұрлым ерте бастасаң соғұрлым жақсы нәтижеге жету де оңайырақ. Сондай-ақ айқын мақсат қою керек дейді.
Әдемі Амангелді