"Тәуелді болғанымды байқамай қалдым". Электрон темекінің зияны қандай?


Басты 1-07-2024, 13:56 0

Электрон темекі немесе вейп.  Жыл сайын елімізде электрон темекі тұтынушылар саны өсіп барады. Олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер. Статистикаға сүйенер болсақ, 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10% тұрақты түрде вейп тартады. 

«Менің электрон темекіге деген тәуелділігім осыдан 2 жыл бұрын пайда болды. Жай қызық көріп бастаған соң қалай тәуелді болғанымды байқамай қалдым. Тіпті әр сағат сайын ағзам никотинге құмарта бастады. Бірақ көп ұзамай денсаулығымның нашарлай бастағанын сездім. Көңіл-күйім құбылмалы, агрессияға бейім бола бастадым. Өкпем мен тыныс алу жолдарында ауытқулар пайда болды. Дәм сезу қабылетім төмендеді. Сондықтан, вейпке құмартпаңдар деп кеңес берер едім»,- дейді электронды темекіні тұтынған кейіпкеріміз. Ол аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.

Жақында елімізде вейпке ресми түрде тыйым салынды. Тыйымның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау. Вейптерді сату, тарату және жарнамалауға енді қылмыстық жауакершілік қолданылады. Заңдағы жаңа түзетулерге сәйкес, электронды темекілерді әкеліп таратқаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 

«Иә, жақында аталған мәселе бойынша заң күшіне енді. Жыл басынан бері облыс көлемінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Заң күшіне енгеннен бастап вейп сататын барлық дүкендер жабылды. Қазіргі таңда электрон темекіні таратқаны үшін 200 АЕК айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вейптар), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелу және өндіруге 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады»,- дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Татьяна Карпова.

Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, вейп жүрек, ми, өкпе, бауырға кері әсерін тигізеді. «Вейп сұйықтықтарының құрамында никотин бар. Вейп шеккен кезде никотин ағзаға түсіп, жинала береді. Көп уақыт жиналған никотин қатерлі ісіктің тууына әсер етеді», - дейді сала мамандары.


Әдемі Амангелді

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив