Өскемендегі «AN Groups» компаниясы өзенге құлаған баланы құтқарып қалған студенттің оқу оқысын төлейтін болды деп хабарлайды, BizdiңӨskemen.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үлбі өзеніне бес жастағы бала құлап кеткен. Ағыс алып бара жатқан баланы байқаған Ерасыл Омарханов есімді студент бірден көмекке ұмтылып, балақайды құтқарып қалды. Оның батылдығына тәнті болған компания басшылары оқу ақысын төлеу туралы шешімге келген.
Жалпы «AN Groups» компаниясы әлеуметтік осал топ өкілдеріне, ардагерлерге, ерекше қажеттіліктері бар жандарға тұрақты қолдау көрсететінін айта кету керек. Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманы өзге кәсіпкерлерге үлгі болатын іс деп бағалады.