Былтыр қарашада Қазақ радиосының «Көкжиек» хабарында қаламгер Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы оқылған. Бірақ радио тыңдармандары мен әлеуметтік желі қолданушыларының кейбіріне романның ішіндегі 18+ абзацтар, яғни эротикалық тұстары мемлекеттік радиодан ашық берілгені ұнамай қалған. "Кейбір тұсын қиып, эфирге жібермеу керек еді" деген наразылар.
Осы мәселе бойынша Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі шығарма авторы Шархан Қазығұлдың пікірін сұрап көрді.
Сонымен бірге осы романның "кемшіліктеріне" тоқталған әдеби сын жөнінде да жазушы көзқарасын білді.
Автордың ойынша, роман радиодан толық берілгеннен кейін кейбір жерлерін эфирден алып тастау орынсыз болар еді.
- Роман тұтас дүние ғой. Әр сөзінде, әр абзацында бір ой жатады. Тек сол жерлерін қазбалаудың қажеті жоқ секілді, - деді ол.
Сондай-ақ «Жас Алаш» газетінде осы роман туралы сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының «Көп мақталған «Күлпетті» оқығанда...» атты сын мақаласы шыққан еді. Біз Шархан Қазығұлдан "айтылған сын орынды ма, қабылдай алдыңыз ба?" деп сұрадық.
- Менің ойымша, кез келген шығарма мақталуы да керек, сыналуы да керек. Оның мықты тұстары да, осал тұстары да болады. Сол тұрғыдан алғанда Бағашардың сыны орынды. Айтқандарының кейбірін қабылдаймын, кейбірін қабылдай алмаймын. Мен, жалпы, өзімнің жазған романымнан ұялмаймын, -деп жауап берді Шархан Қазығұл.
Айта кету керек, Шархан Қазығұл 19 маусымда Өскеменде ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың зиялы қауым өкілдерімен жүздесуіне қатысты.
Ал «Күлпет» - 2022 жылы Mecenat.kz әдеби байқауының тұңғыш жеңімпазы атанған шығарма. Осыдан кейін қаламгерге аталмыш байқауды ұйымдастырушылар ай сайын 500 доллар көлемінде өмір бойы қаламақы төлеп тұратын болды.