2025 жылы елімізде автогаз бағасы тағы да қымбаттайды. Бұл туралы мәжіліс отырысында энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді.
Ол көлік иелері белсенді түрде автогазға көшіп жатқандықтан, ел нарығында сұйытылған мұнай газының тапшылығы бар екенін растады.
– Соңғы екі жылда біз бұл кемшіліктерді жоюға тырысып жатырмыз. Ұлттық компанияларымыздан бізді қолдап, басқа отынға қарағанда сұйытылған мұнай газын көбірек өндіруін сұраймыз. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салынды. Бағаны кезең-кезеңімен көтеруді жоспарлап отырмыз. Биыл бізде 5-8 теңгеге өсті. Келесі жылы да газ шамамен 10 теңгеге қымбаттайды. Біздегі 20 аймақта баға әртүрлі. Мысалы, Алматыда литріне 75 теңге болса, келер жылы 85 теңге болады, - дейді энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
Мәжіліс отырысында вице-министр 2030 жылға қарай тапшылықты жоюды жоспарлап отырғандарын хабарлады.
– Біз Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында сұйытылған мұнай газын өндіруді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қашағаннан жылына 800 мың, Қарашығанақтан - жылына шамамен 700-600 мың тонна өндіру жоспарлануда, - деді вице-министр.