Мәжілісте өткен брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бензин бағасы өсетінін мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, бағаның өсуі – Қазақстанда мұнай өнімдерінің жетіспеушілігімен байланысты.
– Қазір біздегі нарықта тапшылық бар. Тапшылықты жабу және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Модернизацияны жүзеге асыру үшін салаға ақшаны салу қажет. Мұнай өнімдерінің бағасына жабдықты сатып алуға, техникалық қызмет көрсету мен өзге де шығындарына, логистикаға, жаңа құбырлар мен теміржол инфрақұрылымын салуға тартылған несиелер кіреді. Осы жұмыстардың барлығы мұнай өнімдерінің базалық құнына әсер етеді, - дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Энергетика министрінің айтуынша, бензин бағасының көтерілуі – мұнай өнімдерінің бағасына әсер етпей қоймайды.
– Бағаның қандай болатыны – ішкі нарықтағы мұнай бағасына байланысты. Қазіргі уақытта біздің ішкі нарықтағы баға көршілес елдермен салыстырғанда ең төменгі деңгейде, мұнай өнімдерінің бағасы да ең төменгі. Нарық ашылған жағдайда, біздің арзан өніміміз қымбат өнімдермен араласып кетеді, бұл өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етеді, - деді министр.