Мәжілістегі Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалатынын айтты.
Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, мұнай өндіру елімізде «Қашаған», «Теңіз», «Қарашығанақ» секілді үш ірі кен орнынан басқа мұнай-газ кен орындарында жыл сайынғы шикізат өндіру көлемі төмендеп жатыр. Мысалы, соңғы бес жылда, мұнай-газ өндіру 36 млн тоннадан, 30 млн тоннаға дейін азайып отыр. Ал Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткішінің едәуір түскені байқалып, өндіру көлемі соңғы 10-15 жылда 5 есе азайған.
– Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды. Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Олардың мұнай өндіру көлемі азайып жатыр. Сонымен қатар, бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс, - дейді Еділ Жаңбыршин.
Депутат іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді екенін атап өтті.
– 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді, - деді Мәжіліс депутаты.