Қымбатшылық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бағаның жылдан-жылға қымбаттап, халықтың қалтасына салмақ түсіріп жатқанын жасыру мүмкін емес. Халықтың айлығы өссе азық-түлік бағасы да бірге көтерілетіні белгілі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері азық-түлік тауарлары 7,4% қымбаттаған. Бағаның өсуі картопта, күріште, жұмыртқада, жемістерде, сары май мен макараонда байқалады. Үкімет аталған азық-түліктердің кейбіреуінің бағасын реттеуден бас тартқан болатын.
Статистикалық деректерге сүйенсек, өңірлер бөлінісінде Шығыс Қазақстан облысы азық-түлік бағасының өсуі бойынша алдыңғы қатарда. Тұрғындар да бағаның жиі өсуіне шағымданады. Айтуларынша, жалақының жартысынан көбі азық-түлікке кетеді.
«Азық-түлік бағасы жиі көтеріледі. Кейде баға түскен сияқты көрінеді. Енді тұрақталады ма десек олай болмайды. Тұрақты болып тұрса жақсы ғой. Бірақ, айлықтың жартысы азық-түлікке қалай кетіп қалғанын байқамаймыз. Міне, жаңа ғана азық-түлік алуға дүкенге бардым. Баға деген удай. Күнде тапқан ақшамыздан 5000 теңге кетсе, аз айлық алатын отбасылар табыстарын бір айға қалай жеткізеді. Азық-түліктен басқа да қажеттіліктер бар. Оны былай қойғанда екі-үш ай болды, ет алуды қойдық. Былай тартсаң жетпей қалады табысымыз.», - дейді қала тұрғыны Сәуле Кәрімқызы.
Азық-түлік бағасын өз көзімізбен көру мақсатында қала дүкендерінің біріне бас сұқтық. Бағаның біршама өскені байқалады. Атап айтсақ, 1 бөлке нанның бағасы 195 теңге, сүттің бағасы 585-900 теңге айналасында, шай бағасы 550-2100 аралығында. 1 кг картоп – 465 теңге болса, 1 кг пияз – 272 теңге. Баға туралы дүкен сатушысынан да сұраған болатынбыз.
«Бізде баға қатты көтерілмейді. Қазақстан бойынша барлық жерде баға осындай. Тасымалдаушылар бізге қандай бағада әкелсе сол бағаға 10-20 теңге қосып қана сатамыз. Бізге де пайда болуы керек. Кейбір тауарлар қымбат бағада келеді, бірақ ол бізге байланысты емес», - дейді дүкен сатушысы.
Бұл бір ғана дүкен сөресіндегі азық-түлік бағасы. Қала тұрғынының айтуынша, қаладағы әр дүкенде әртүрлі баға, себебі үстінен біршама баға қосылады екен.
Азық-түлік бағасының өсуіне әлемдегі геосаяси ахуал да әсер етіп отыр. Ал сарапшылардың айтуынша, отандық кәсіпорындарға арналған бағдарлама қабылдау қажет, сол кезде азық-түлік нарығында баға тұрақталады. Дегенмен, тұрғындардың айлығы шайлығынан артпайды. Күн сайын қыспаққа алған қымбатшылық ешкімге оңай соқпай тұрғаны анық.
Әдемі Амангелді