23 тамыз күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов келесі жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтің 12 түрі толығымен электрондық форматқа көшірілетінін айтты.
– 24 қызмет бойынша келісу процесі автоматтандырылады. Мұнымен Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ауыл шаруашылығы, мәдениет және ақпарат министрліктері айналысады.Анықтамалық сипаттағы 8 қызмет электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке ауыстырылады. Мемлекеттік органдар мәліметтерді ақпараттық жүйелерден алатындықтан, бұл азаматтарды анықтамалар беруден босатады, - дейді Салауат Мүксімов.
Салауат Мүксімовтың айтуынша, мемлекеттік қызметтің 48 түрі бойынша ұсынылатын құжаттар тізімі оңтайландырылатын болады.
– Бұл шамамен 550 мың құжат. Атап айтқанда, медициналық анықтамалар, білім туралы дипломдар, еңбек кітапшалары мен келісімшарттар және т.б.Мемлекеттік органдар жоспарланған интеграциялық шаралардың арқасында ақпараттық жүйелерден қажетті ақпаратты алатын болады, - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.