ШҚО-ға іссапармен келген «Respublika» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге «Восток молоко» ЖШС басшысы Сейілжан Сайлаубаев, облыстағы шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Самат Қыдырмолда, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің бас директоры Фарид Әбітаев, кәсіпкер Біржан Ерболат және басқа да ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.
- Күнбағыс, жүгері тәрізді майлы дақылдардың элиталық тұқымын өсірушілерге субсидия берудің тәсілдерін реттеу қажеттігі туралы мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Мемлекет қаржысы шетелдің ғылымын дамытуға кетіп жатыр. Отандық тұқым өндірушілерге берілетін субсидия көлемін, шетелдік тұқымға бөлініп жатқан субсидия көлемінен арттыру қажет. Осы орайда отандық тұқымға берілетін субсидия көлемін 80 пайыз, шетелдік тұқымға 30 пайыз етіп қайта қарап, бекітсе дейміз. Бұл элиталық тұқымды өсіріп отырған шаруашылықтарға да, оны сатып алатын шаруашылықтарға тиімді болмақ. Шығыстағы отандық элиталық тұқым өндірушілер Қазақстан нарығының 50 пайызын толық жаба алады. Біздің шаруашылықтың элиталық тұқымдары Ресейге де экспортталып жатыр, демек сапасы өте жоғары. Қазір біз өсіріп жатқан астықтың түсімі 40-60 центнерден айналып отыр, - деді Фарид Әбітаев.
Ал «Восток молоко» ЖШС-нің басшысы Сейілжан Сайлаубаев сүт өңдеу кәсіпорындарына, ауыл шаруашылығына бөлініп отырған қаржылай қолдау көлемін арттырып, ветеринария саласын дамыту қажеттігіне, саладағы маман тапшылығына назар аудартты.
Еліміздің ауыл шаруашылығының, оның ішінде Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Шығыста еліміздегі орман қорының 60, су көздерінің 40 пайызы бар. Соған қарамастан облыста бір комбайны жоқ аудандар да бар екен. Аудандағы ауылдарға ат ізін салмайтын, ауылдардағы шаруашылық құрылымдарына бармайтын, оларға қандай қолдау, не керек екенін білмейтін әкімдер, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары бар. Осылай деген облыстағы шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Самат Қыдырмолда, әр аудан әкімімен, аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлесіп ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал, егін шаруашылығын өркендетудің жоспарлары, бағдарламалары әзірленіп, қауымдастықтың бастамасымен әр ауданда «Ауданды дамытудың тұжырымдамасы» жасалып жатқанын, сондай -ақ аймақта, елімізде ауыл шаруашылығын өркендетуге, ауыл шаруашылығына несие берудің шарттарын, тетіктерін өзгертуге қатысты Парламент қарауына бірнеше ондаған ұсыныс жолданып жатқанын тілге тиек етті.
- Өскеменде, Астанада, Ақтауда кашемирден шұлық шығарып жатырмыз. Өнімдерімізді Канадаға, Ресейге шығарамыз. Алайда, қалада сауда орындарын жалға алу ақысы өте қымбат. Оның үстіне жалға алғанымыз үшін алдын ала үш айға депозит төлейміз. Осыған мемлекет жағынан қандай да бір жеңілдік берілсе екен, - деген өтініш, тілегін айтқан өскемендік кәсіпкер Біржан Ерболатқа Парламент мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров бұл мәселенің Экономика министрлігінде көтерілгенін, дәл бүгін болмағанымен алдағы уақытта елде қазақстандық қолөнер шеберлерінің, қазақстандық кәсіпорындардың өнімін саудалауға тиімді жағдай туғызылатынын айтты.
- Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге деген көзқарас өзгеруі керек. Шетелдік емес, Қазақстанда шығарылатын элиталық дақылдардың тұқымын қаржылай қолдауды арттыру керек. Бұл азық-түлік қауіпсіздігінің де мәселесі. Бүгінгі айтылған сүт өңдеушілердің проблемалары, ветеринария саласының кемшіліктері, отандық өнімнің қалтарыста қалып жатқаны, кадр тапшылығы барлығы да өзекті мәселелер, - деді Айдарбек Қожаназаров.