Тарханкадағы «Семена масличных» шаруашылығы егінге орақ салды.


ЖАҢАЛЫҚТАР / МАҢЫЗДЫ 19-08-2024, 11:42 0



Диқанның жайы егінге орақ түскенде белгілі болады. Глубокое ауданындағы өңірге танымал «Семена масличных» элиталық тұқым шаруашылығы егінге орақ салды. Жаздай егінін баптап, күткен элиткалық тұқым шаруашылығы ендігі бар күшті егістік алқаптарындағы астықты жауын -шашынға қалдырмай жинап алуға жұмылдырып жатыр.
1997  жылы диқаншылықты  бар жоғы бірнеше ондаған гектардан бастаған бұл шаруашылық қазіргі күні төрт мың гектар  алқапты игеріп, майлы және дәнді дақылдардың ең тиімді деген элиталық сұрыптарын өсіріп жатыр.  Шаруашылық бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдың 30 пайызын орып алды. Астық түсімі мол, гектарынан 30-50 центнерден айналуда.

«Семена масличных» ЖШС дәнді және майлы дақылдарды селекциялаумен, аудандастырумен, олардың жаңа түрлерін шығарып, өндіріске енгізумен айналысып келеді. Осы шаруашылықта өсіріліп, таратылып жатқан сұрыпталған бидайдың, майлы дақылдардың элиталық түрі облыста, елімізде үлкен сұранысқа ие.
Тұқым шаруашылығында өндірістік қана емес, элиталық тұқымдарды аудандастырумен, селекциялаумен айналысып отырған ғылыми бөлім  бар. Соңғы жылдары мұнда Қазақстанның селекциялық жетістіктері реестіріне енгізілген күнбағыстың элиталық «Алтын», «Шығыс», «Восточный» сынды күнбағыстың жаңа гибридтері мен «Сибинский» сорттары өсіріліп жатыр. «Гүлім» сорты мемлекеттік сынақтан өткізіліп жатыр.
Қазіргі күні  Қазақстандағы 300 ден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер Тарханкадағы осы элиталық тұқым шаруашылығының жоғары сортты  тұқымдарын пайдаланып отыр.  
-Көктемде ылғал өте жоғары болды. Соның арқасында егініміз биыл  бітік шықты. Өткен жолы жауып өткен қатты жаңбыр егіннің біраз алқабын жапырып, құлатып кетті. Енді сол алқаптарды жауынның астында қалдырмай тезірек жинап алуымыз керек. Техникамыз жеткілікті. Былтыр ғана лизингке екі үлкен комбайн сатып алдық.  Шаруашылықта 50 адам жұмыс істейді. Өткен жылы  ала жаздай қуаңшылық болып, күзде толассыз жаңбыр жауып астықты жинап алуға үлкен кедергі келтірген болатын. Биыл да ауа райының да қас- қабағына қарап, тыпыршып отырмыз,- дейді шаруаның жайымен таныстырған  «Семена масличных» ЖШС басшысының бірі ғалым- агроном Людмила Цыбенко.
Күнбағыс алқабына орақ қыркүйектің аяғында түседі.
Шаруашылықта астық түсімінің екі есеге дейін артуына анасының ісін жалғастырып, бірнеше жылдан бері осы серіктестіктің тізгінін өз қолына алған ұлы Федордың да сіңіріп  жатқан еңбегі көп екенін айтты Людмила Петровна.
Элиталық тұқым шаруашылығының басшысы Федор Цыбенко су жаңа  комбайнның штурвалына өзі отырып, егін жайдың ортасында өзі жүр.  Бұл күнде облыстық мәслихаттың депутаты болып отырған Федорға егінжайға баратын жол, жайқалған алтын алқап бәрі де бала кезінен таныс. Ол  шаруашылық алғаш құрылған сонау 90 жылдардың соңынан бастап бала кезінен осы шаруашылықтың бар шаруасына аралысып келеді. 
Жыл сайын өркендеп, жаңарып, қанатын кеңге жайып келе жатқан «Семена масличных» шаруашылығының жетістіктері анасы мен ұлының, берекелі ұжымның маңдай терінің нәтижесі.
-2004  жылы Марқакөл ауданынан көшіп келіп, осы ұжымда еңбек етіп жатқаныма 20 жылдан асты. Алғаш келгенде техникалардың біразы ескі еді. Қазіргі күні техникаларымыз, өндірісіміз де жаңарып, қуатты шаруашылыққа айналып отырмыз. Еңбекақымыз жоғары. Шаруашылықта жұмысшыларға  барлық жағдай жасалған, - дейді шаруашылықтың механизаторы Қашқанов Амантай.

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив