Әлеуметтік желіде Өскеменде "маньяк" пайда болғаны туралы қауесет тарады. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен бұл қауесетке не түрткі екені белгілі болды.
Қауесет саяжай аймағында табылған әйелдің денесіне байланысты болса керек.
Еске салайық, 13 тамызда шамамен 45-50 жас аралығындағы белгісіз әйелдің мәйіті "Турист" автобазасы (Аврора көшесі) маңындағы саяжайлардың бірінің шетінен табылды. Полицияның мәліметінше, денеде «көзге көрінетін дене жарақаттары болған».
Әлеуметтік желіде қалада соңғы күндері маньяк пайда болғаны туралы қауесет желдей есуде. Мұны полиция жоққа шығарды.
«Таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Әлеуметтік желіні пайдаланушыларға бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз. Тек ресми дереккөздерге сеніңіздер», деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.