Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Елжан Дүйсекеновке тағылған "Күршім ауданы Маралды ауылына жақын жерде салынып жатқан алтын өндіру фабрикасының жұмысы туралы әлеуметтік желіде жалған ақпаратты" деген айып алынып тасталды. Іс сотта қаралған еді.
Сотқа жүгінген полиция қызметкерінің айтуынша, Елжан Дүйсекенов "7 мамырда фабрика жарылыс жұмыстарын жүргізді деген ақпаратты «Tik-tok» әлеуметтік желісіне шығарған".
Сот отырысында Дүйсекенов өзінің кінәсіз екендігін алға тартты. Оның айтуынша, ол 2024 жылдың 7 мамыр күні Күршім ауданы Маралды ауылында қонақта болған кезде, сағат 7.30 шамасында қатты дірілден оянып далаға жүгіріп шыққан. Сол кезде орталық жақта жүрген кісілерден тауды тағы жарып жатыр деген сөздерін естіген. 8 мамырда паромның үстінде кетіп бара жатқан Маралды ауылының тумаларымен болған оқиғаны талқылаған кезде оны белгісіз адам бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желіге салған. Елжан өзінің ол адамды танымайтындығын, өзі бейнежазбаны желіге таратпағанын айтты.
Әкімшілік іс жүргізу қатысушылардың пікірлерін тыңдап, істегі құжаттарды зерттеп сот жалған ақпараттың «kalygaggash_Zhaxybay» парақшасында жарияланғанын анықтады.
«ВСАМ Продакшн» ЖШС-нің директоры Марат Аусабаевтың түсіндірмесінде жарылыс жұмыстары тек Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы рұқсаты бойынша жүргізілетінін, жарылғыш материалдар мен оқ-дəрілер арнайы рұқсат бойынша тасымалданатын, жəне ол қатаң есепке алынатын материал екендігін, 2024 жылғы 7 мамыр күні ешқандай жарылыс жұмыстары жүргізілмегенін жəне бұл ақпарат жалған болып табылатынын көрсетті.
Дегенмен, соттың шешімі бойынша, жалған ақпаратты әлеуметтік желіде Елжан Дүйсекенов таратпаған, сондықтан ол жауапкершілік арқалауға міндетті емес. Сондықтан сот істі тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған дейін Астана қалалық сотының шешімі бойынша аталмыш парақшаның иесі жауапкершілікке тартылып қойған.