Облыстық мәслихаттың XV сессиясында Шығыс Қазақстан облысында Киров атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік орман шаруашылығы университетінің және Астана медицина университетінің филиалы ашылуы мүмкін деп хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, кезінде Орман шаруашылығы академиясы деп аталған қазір Киров атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік орман шаруашылығы университеті деп аталатын бұл университетте мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханов білім алған. Бұл университет сонау посткеңестік кезінен танымал жоғары оқу орындарының бірі, онда білім беретін ұстаздар ең жақсы деген кадрларды дайындайды.
Ормандардың көбі негізінен Шығыс Қазақстанда шоғырланғандықтан, облысқа мамандар қажет екені анық. Қазір осы мәселе бойынша Риддер колледжі мен ШҚМУ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мамандар даярлап жатыр. Филиал ашу немесе оқыту әдістемесімен алмасу, оқытушыларды лекцияларға шақыру орман шаруашылығы саласын білікті мамандармен нығайтуға мүмкіндік береді.
Астана медицина университетінің филиалы Шығыс Қазақстан облысында пайда болуы мүмкін.
Медицина саласында кадрлар тапшы. Сондықтан жоғары оқу орындарының филиалдарын облыста ашу маман тапшылығын азайтып қана қоймай, қазір басқа қалалар мен елдерге оқуға кетіп жатқан талапкерлердің кетуін айтарлықтай азайтады. Депутат Лариса Гречушникованың айтуынша, филиалдарды ашу идеясы болашақ студенттерге ғана емес, Шығыс Қазақстандағы медициналық мекемелерге де оң әсер етеді.