Тәртіп сақшылары ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға көмектескендері үшін жедел жәрдем қызметкерлері - Данияр Қалибековке, Айдар Раисовқа және Виктор Худяковқа алғыс білдірді.
Қылмыстық оқиға 19 шілдеде Абай-Шәкәрім даңғылы қиылысындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. Сағат 20:00-де жедел жәрдем бригадасы Сограға шақыртуға бара жатқан кезде жанармай құю бекеттерінің бірінен өтіп бара жатып, бетперде киген ер адамды байқаған. Ол кассир әйел мен күзетшіні бопсалап тұрған. Бригада сол жерге тоқтап, дереу полиция шақырды. Содан соң жүргізуші жедел жәрдем көлігінің сигналын басып, шабуылдаушының назарын аударған кезде жанармай құю бекетінің кассирі мен күзетші үй-жайдан шығып үлгерген. Қылмыскердің өзі қашып кетпек болған.
- Біздің фельдшер Данияр Қалибеков пен жүргізуші Айдар Раисов қылмыскерді ұстап, ауыздықтады және зардап шеккендерге де көмек көрсетті, - деп хабарлады ШҚО Жедел медициналық жәрдем станциясы баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары жедел жәрдем қызметкерлерінің батыл әрекеті мен азаматтық ұстанымын атап өтті. Данияр Қалибеков, Айдар Раисов және Виктор Худяковке естелік үшін «командир» сағаттары табыс етілді.