"Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісім жобасы жарияланды.
Түсіндірме жазбада келісімге қол қою екі мемлекеттің әскери мүлкі мен персоналының әуе кеңістігі арқылы транзиті үшін құқықтық негіз құруға және шарттарды айқындауға бағытталғанытүсіндіріледі.
"Егер тараптың бірі тараптардың әскери мүлкі мен персоналының транзиті осы келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалған басқа да мәселелерге, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді деп шешсе, транзитке рұқсатты қабылдамау, сондай-ақ бұрын берілген транзитке рұқсаттарды тоқтата тұру немесе күшін жою құқығын сақтайды", - делінген келісім жобасында.
Келісімде ақпараттық қауіпсіздік туралы да жазылған.
"Тараптар осы келісім шеңберінде алынған немесе берілген ақпаратты тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы 2018 жылғы 13 қыркүйектегі әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді. Ақпарат беретін тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз ақпарат ашылмайды немесе үшінші тарапқа берілмейді", - делінген құжатта.
Сондай-ақ, осы келісімнің ережелерін орындау барысында алынған ақпаратты тараптардың бірі екіншісінің мүдделеріне қарсы пайдалана алмайды деп көрсетілген және бұл келісім тоқтатылғаннан кейін де алынған ақпаратты жария етуге тыйым салынады.
Келісім бес жылға жарамды. Егер тараптардың бірі осы құжат бойынша ынтымақтастықты тоқтату ниетін білдірмесе, келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
Қазақстан атынан келісімге Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қол қояды. Құжат 13 тамызда «Ашық НҚА» сайтында жарияланды және 27 тамызға дейін талқыланады.