13 тамыз күні премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды.
– Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанатын болады. Біз қашанда отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір салалық министрдің міндеті. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының мәліметінше, импортты алмастыру жұмыстарын, оның ішінде офтейк-келісімшарттар арқылы жандандыра түсу қажет.
Сонымен қатар үкімет отырысында премьер-министр мемлекеттік сатып алуды реттеу мәселесі бойынша бірқатар міндеттер қойды. Премьер-министрдің айтуынша, қазір қазақстандық тауарлардың бірнеше каталогы бар. Бұл өнімді бір каталог арқылы импорттауға және оны басқа каталогпен отандық өнім ретінде өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
– Мұндай олқылықтар болмауы керек. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін халықаралық стандарттарды ескере отырып, тауарлардың электрондық каталогын жасады. Ол барлығына бірдей болуы керек, - дейді премьер-министр.
Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Сауда министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қажетсіз каталогтарын талдауды және жоюды, Денсаулық сақтау министрлігіне қазақстандық фармацевтикалық өнімдердің өндірісін арттыруды тапсырды.