Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «TAKURRA» ЖШС медициналық техника және медициналық бұйымдар өндіретін отандық зауыттың әлеуетімен танысты.
Отандық компания – ТМД аумағында жоғары дәлдіктегі автоматты ИХЛ (иммунохемилюминесцентті) анализаторларының жалғыз өндірушісі. Қанды зерттеуге арналған құралдың көмегімен 14 минут ішінде бірден 20 көрсеткіш бойынша нәтиже алуға және 150-ден астам ауруды ерте кезеңінде анықтауға болады. Зауыттың өндірістік қуаты – 360 анализатор мен 1,5 млн реагент жиынтығын құрайды.
Премьер-Министрге «TAKURRA» ЖШС бас директоры Андрей Кайзер компанияның мемлекеттік ауруханалардағы шетелдік анализаторларды отандық анализаторлармен ауыстыруға дайын екені туралы хабарлады.
«Мемлекет басшысы сатып алудағы қазақстандық қамтуды және отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін арттыру міндетін қойды. Біз импортты алмастыруға ұмтыламыз. Денсаулық сақтау министрлігіне отандық анализаторлар үлесін біртіндеп арттыру бойынша талдау жүргізіп, мәселені зерделеуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысына қазіргі модульдік автоматтандырылған ПТР-сынақ жүйесін іске қосу және отандық өндірістегі медициналық бұйымдарды шығару жоспарлары туралы да баяндалды.