2024 жылдың 1 жарты жылдығының қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 95 млрд теңгені құрады. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,5%-ға артты, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі.
– Бүгінде 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнімдерді жеткізу бойынша 35 отандық өндірушілермен 94 ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жыл соңына дейін өзге 24 отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттардың жасалуы арқылы 1412 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеткізілуі қарастырылуда, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тізімі негізінде жиі кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізімін жасады. 283 дәрілік зат іріктелді, оның ішінде 107 дәрі Қазақстанда шығарылады. Елімізде жақын арада дәрілік қауіпсіздіктің тұрақты базалық деңгейін қамтамасыз ету үшін қалған 178 басым дәрілік заттың өндірісін жолға қою қажет.
– Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басым түрде қолайлы жағдайлар жасалды. Осының нәтижесінде, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша 29,5 млрд теңге сомасына 196 дәрілік заттардың түрлері жеткізілді, - дейді министр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын жобалау және салу кезінде отандық өндірілген өнім міндетті жабдықтар тізіміне енгізіліп, 72%-ды құрады.