2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, еліміз келесі жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде, елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін Ұйымдастыру комитеті бар күшін салады», деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көшпенділер ойындары өтетін нысандардың инфрақұрылымы мен дайындық барысына тоқталды. Министр ұлттық спорт түрлері мен этникалық туризмге қызығушылық танытқан барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалатынын айта келе, көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін жеткізді.
Конференцияға қатысқан шетелдік меймандар да Қазақстанда өтетін дүбірлі додаға барынша қолдау білдіріп, Көшпенділер ойындарының әлемдегі этномәдени және этноспорт қозғалысының дамуына жаңаша серпін беретінін жеткізді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған. Қазір «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады. «Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары басталды.
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.
Жиында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров пен бренд-дизайн сарапшысы Серік Марксұлы жарыстың логотипі мен ұрансөзін таныстырды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны - «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».
Логотип формасы сопақшаға жақын шеңбер. Онда күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен (дүниетанымынан) алынған.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өтті. Төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.
Жарыс өтетін спорт нысандарының бірі – Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы. Мұнда ұлттық күрес түрлері бойынша жарыстар өтеді: қазақ күресі, корэш және алыш.
Спорт кешені 2021 жылдың 8 қыркүйегінде Қабанбай батыр даңғылы мен Керей мен Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылды.
Жекпе-жек сарайы 3 294,6 шаршы метрлік заманауи аренамен және 5000 көрерменге арналған сыйымдылықпен жабдықталған. Мұнда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар мен чемпионаттар өткізіледі.
Сарай сонымен қатар арбамен қозғалатындарға арналған арнайы орындармен, сондай-ақ аренаға кіру үшін панорамалық лифтпен жабдықталған.
Еске сала кетейік, ойындарға әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады.
Ойындар үш бағыт бойынша өтеді – спорт, мәдениет және ғылым.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына елордалық 6 нысан кірді: "Астана-Арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, "Алау" мұз айдыны.
Дүбірлі додада 21 ойын түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазірден бастап Астанада дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қатысушылар мен қонақтарды қабылдау үшін 21 қонақ үй мен 343 көлік әзірленді. Этносайыста мыңға жуық БАҚ өкілі ақпарат таратады.
Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Көрермендер үшін билет бағасы 500 бен 50 мың теңге аралығында сатылып жатыр. 100 ел – 2 мың спортшы, 21 ойын – 97 медаль ,21 қонақ үй – 343 көлік жұмылдырылады.