12 және 23 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді.
Шығыс Қазақстанда бес жылдық үзілістен кейін облыс әкімінің жүлделері сарапқа салынатын Халықтық спорт ойындарын өткізу дәстүрі қайта жанданады. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан мәлім етті.
Аталмыш басқармадағы бұқаралық спорт бөлімінің әдіскері Серік Тюстюбаевтың айтуынша, биыл 22 рет ұйымдастырылатын жарыстың бұрынғылардан бір ерекше тұсы бар. Атап айтсақ, бұл жолғы ойындар бірден екі қалада – Өскемен мен Зайсанда өтпек.
– Халықтық ойындарды жандандыру идеясының авторы облыс әкімі Ермек Көшербаев екенін айтқан жөн. Біраз жылғы үзілістен кейін қайта өткізілетін жарыстың ауқымы бұрынғыдан еш кем болмайды. Ойындарға облыстың барлық аудан-қаласынан екі мыңнан астам спортшы қатысады. Ұйымдастыру жұмыстарының өзіне ғана 500-ден аса адам жұмылдырылмақ. Осының өзі спорттық іс-шараға қаншалықты зор мән беріліп отырғанын аңғартады, – дейді Серік Тюстюбаев.
Осы ретте биылғы жарысқа қатысушылар спорттың 22 түрінен сынға түсетінін айту керек. Олардың арасында жеңіл атлетика, жазғы президенттік көпсайыс, қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, гір спорты, футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге сияқты спорт түрлері бар.
Бір атап өтерлігі, жорға жарыс (7,5 шақырым), Аламан бәйге (25 шақырым), Топ бәйге (15 шақырым), Құнан бәйге (7,5 шақырым) сынды ат спорты мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар Зайсан қаласында ұйымдастырылмақ. Зайсан қаласында бұл жарыстар 12 мен 16 тамыз аралығында, Өскеменде 18 мен 23 аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.
Ал жалпы биылғы Халықтық ойындар 12 күнге созылатынын айтқан жөн. Өскеменде дүбірлі доданың ашылу салтанаты спорт күніне орай 18 тамызда сағат 18:30-да облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өткізілетін болады.