Күршім ауданында осы жылдың қаңтар – сәуір айларында 3 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Өнім көлемі енді тіптен арта түспек. Өйткені Күршім ауданында 50 мың тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдейтін май зауыты және астық сақтауға арналған қойма салынады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Май зауыты салынса Күршімге ғана емес, көрші аудандарға тиімді болмақ. Аудан басшысы көрші жатқан аудандардың әкімдіктеріне тиісті хаттар жолданып, шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатқандарын айтты.
– Жоспар-тапсырманы орындау мақсатында және аудандағы егістік жерлерді пайдалану және олардың тиімділігін арттыру мақсатында ауданда майлы дақылдарды өңдеуге бағытталған жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвестор жылына 50 мың тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдейтін май зауытын және астық сақтауға арналған қойма салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, Самар, Үлкен – Нарын, Катон-Қарағай, Марқакөл, Зайсан аудандарындағы шаруалар үшін және жергілікті шаруалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Аталған жобаға қажетті шикізат базасын қалыптастыру мақсатында, күнбағыс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың тізімі жасақталуда, – деді аудан әкімі Мейіржан Әлібеков.
Биыл Маралды ауылдық округі Текен учаскесінде орналасқан егістік алқаптарына 750 гектар рапс дақылы егілсе, Күршім, Сарыөлең, Құйған ауылдық округтеріне 1050 гектар күнбағыс дақылы егілген.
Сонымен қатар, аудан басшысы 2025 жылы Жол картасына сәйкес ауданда су үнемдеу технологиясын орнату алаңын 2700 гектарға жеткізу жоспарланғанын айтты. Қазіргі уақытта нақты су үнемдеу технологиялары орнатылған алаң 265 гектар.