Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік гранттарды тағайындау қорытындысын жариялады.
Биыл грант тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.
Бір грант орнына ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығында болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты.
Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды.
Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 22 мыңнан астам талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, грант үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.
Гранттың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан, ал «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген.
Грант тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.
Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың 28 маусымында Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебек ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинады деп хабарланған болатын. Оны бұл жетістігімен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, ата-анасына алғысын білдіріп, ұстаздардың рөлін ерекше атап өткен.
Ал шілдеде Алматы облысының тағы бір түлегі Ерасыл Уалиев ҰБТ-да 1 ұпай жинап, елді таң қалдырған. Осылайша ол антирекорд орнатып танымал болып, халыққа өмірдің мұнымен бітпейтінін дәлелдегісі келген.
Айта кету керек, жоғары оқу орындарына құжат тапсыру 25 тамызға дейін созылады.