Риддер қаласындағы 600 оқушыға арналған қазақ тілді мектептің құрылысы әлі басталған жоқ. Бұл туралы Риддер қалалық әкімдігіне қарасты сәулет, қала құрлысы және құрылыс бөлімі хабарлады. Бұған дейін ғимарат "Шаңырақ" мектебіне арналатыны айтылған.
2023 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Kazzinc жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектеп салу бойынша меморандумға қол қойған болатын.
Меморандумға сәйкес, 2024 жылы 29 шілдеде Риддердің бесінші ықшамауданынан 3,0 га жер учаскесі бөлінген.
Риддер қаласының сәулет, қала құрлысы және құрылыс бөлімінің басшысы Марат Тунгушбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін Kazzinc ЖШС қаржы аударуды бастайды. Сосын құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, мердігерді де Kazzinc ЖШС анықтайды екен.
Құрылыстың қашан басталып, аяқталатыны біздің редакцияға келген жауапта нақты көрсетілмеген. Бірақ бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары 2025 жылы аяқталады деп жазған.
Айта кетейік, Риддерде 16 мектеп бар. Оның 12-сі — орыс, үшеуі — аралас, біреуі қазақ тілінде оқытады.
Қазақ тіліндегі мектептің бұрынғы ғимаратына ата-аналар ескі деп көп шағынған болатын. Әкімдік ақыры ол мектепті жауып тынған. Өткен оқу жылында "Шаңырақтың" балалары №11 мектептің оқушыларымен бір ғимаратта сабақ оқып шықты.