Бидай импортына тыйым салу жыл соңына дейін ұзартылды


ЖАҢАЛЫҚТАР 30-07-2024, 16:30 0

26 шілде күні Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көліктің барлық түрлерімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салу жыл соңына дейін ұзартылсын деген шешім қабылданды. 

Соңғы 5 айда Ресей Федерациясынан импортталған бидай 1,1 млн тоннаны құраған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға артық.  Сонымен қатар статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда астық қоры  6,1 млн тонна. Оның ішінде бидай 5,1 млн тонна, ал азық-түлік мақсатына жұмсалған бидай 4 млн тоннаны құраған.   

– Өткен жылғы егіннің өткізу қорын, сондай-ақ ағымдағы жылдың мол өнімін ескере отырып, жаңа егінді қабылдауға элеваторларды дайындау, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында өткен жиында Үкіметаралық комиссия Қазақстан аумағына бидай әкелуге толық тыйым салу туралы шешім қабылдады, - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.   

Сонымен қатар, қазір Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бастамасымен бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдеріне экспорттық кедендік баж салығын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. 

– Баж салығын енгізу саланың жай-күйі мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейміз. Осыған байланысты бұл мәселе мүдделі салалық қауымдастықтармен және кәсіподақтармен пысықталуда, содан кейін министрліктің ұстанымы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберіледі, - делінген ведомство хабарламасында.  

Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 11 сәуірдегі №125 бұйрығымен бидайды Қазақстан Республикасына, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден тек қана өндіріс пен тұтыну үшін құс шаруашылығы және ұн тарту кәсіпорындарының атына теміржол көлігімен жеткізуді қоспағанда, автомобиль, су және темір жол көлігімен әкелуге тыйым салу белгіленді. 2024 жылдың 12 сәуірінен бастап 6 ай мерзімге енгізілген  уақытша тыйым ұзартылды. 

Естеріңізге сала кетейік, Елге бидайды «көлеңкелі схема» арқылы әкелу және оны Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан автокөлікпен кері экспорттау қаупі әлі де сейілген жоқ. Қазақстанда өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады деп күтілетін дәнді дақылдарды жинау болжамдары да назарға алынды.

Сондай-ақ Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия  отырысында отандық шырындар мен сусындар өндірушілерін қолдау мақсатында өрік, алмұрт және шабдалы пюресін әкелуге арналған кедендік баж салығы мөлшерлемесін төмендету мақұлданды.










Inkar

Пікірлер