Намысты жастар көкпар тартты


ЖАҢАЛЫҚТАР 30-07-2024, 15:20 0

Соңғы жылдары ауданда бәйгеден бөлек,  көкпардың да  дамып келе жатқандығы жұртшылыққа аян. Ауыл-ауылдарда білекті де жүректі, тақымы тастай намысты  жастар атқа қонып, осынау ұлттық спорт түрін дамыту мақсатында көкпардан үлкенді-кішілі жарыс ұйымдастырып жүр.  Жақында сондай додалардың бірі Малонарым ауылында өтті.

Солоновка ауылының тумасы, бүгінде Алматыда сауда саласында еңбек етіп жүрген ұлттық спорт жанашыры Руслан Естаев ауылдастарымен біріге Малонарым ауылының маңында жаппай көкпар ұйымдастырды.

-Жастарымызды ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде ат спортына баулуға, оны дамытуға атсалысу мақсатында көкпар өткіздік. Жарысты өткізуге   Нұрлан Семізбаев, Орал Қазанбаев, Роман Конов, Үлкен Нарын ауылындағы “Арзан” дүкенінің иесі Ерлік Агуезов, Фархат Түлеев сияқты жерлестеріміз демеушілік етті. Өзім де азды-көпті қаржылай көмек жасадым бұл жарысқа.

Жаппай көкпарға  Алтынбел, Үштөбе, Көктерек, Катонқарағай, Үлкен Нарын ауылынан, сондай-ақ, Өскеменнен де келген жігіттер қатысып, бабы мен бағын сынап көрді. Көкпарға  25 ат қатысты, салымға 150-200 мың теңге көлемінде жүлде тігілді. Бір салымға 5 мыңнан 10 теңгеге дейін жүлде берілді. Алдағы уақытта ауданымызда үлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында тағы да жарыс өткізу ойда бар. Ауданымыздың шабандоздарын облыс, республика деңгейіне шығарсақ па дейміз, - дейді Руслан Естаев.

Жарыста Малонарым ауылының тұрғыны Аманжол Төлемісов Көкдауыл атты тұлпарымен алты салым салып, үздік көкпаршы атанды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауданда биыл өткен осымен үшінші көкпар. Осының алдында Балғын, Көктерек, Алтынбел, Үлкен Нарын ауылдарының командалары қатысқан көкпарда соңғылары жеңіске жеткен. Таяуда ауданның көкпаршы жігіттері Күршімде өткен жаппай көкпарға қатысып келді. Ол жарысқа қатысуға Нарын өңірінің командасына Орал Қазанбаев демеушілік жасаған. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив