Аудан орталығы ретінде қайта түлеген Катонқарағай ауылының бойына қазір қан жүгіртіп, екінші тынысы ашылғандай. Жыл басынан бері аудан орталығында үлкенді-кішілі маңызды істер қолға алынып, қарқынды жұмыс атқырылуда. Ең алдымен, елді мекеннің инфрақұрылымын ретке келтіру бойынша толағай жұмыс жасалып жатыр. Оның ішінде тұрғындарды таза һәм сапалы ауызсумен қамту мақсатында аудан орталығында су құбыры желілері қайтадан қалпына келтірілуде. Ауызсумен қатар, жылу жүйесін жаңғырту, орталықтағы көпқабатты тұрғын үйлерді ретке келтіру сынды құрылыс жұмысы қолға алынды. Ауылдық жердегі халықтың өмір сүру сапасын арттырып, тұрмысын жеңілдету мақсатында атқарылып жатқан бұл істердің барлығын оған жауапты мердігерлер белгіленген уақытта ойдағыдай аяқтап береміз деп отыр.
Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалиновтың айтуынша, келер жылдан бастап аудан орталығындағы жолдардың да мәселесі оң шешілетін болады.
– Келесі жылы ауылішілік жолдарға тұтастай жөндеу өткізу бойынша ауқымды жобаны қарастырып отырмыз. Жөндеу жұмысына аудан орталығының көшелерін асфальттаумен қатар, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, көшелерге жол белгілерін қою, бағдаршамдар орнату, жаңадан автобус аялдамаларын салу сияқты ілкімді істерді қолға аламыз. Бұдан бөлек, қазіргі таңда аудан орталығындағы О.Бөкей көшесінің бойындағы қосқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша қарқынды жөндеу жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлердің алдағы уақытта қасбеттерінің дизайны көзге көрікті болатындай етіліп жасалынады, – дейді Расул Қарабалинов.
Дизайн демекші, жыл басында ауданның дизайн кодын әзірлеу мақсатында бір топ мамандар келгендігі туралы хабардар еткеніміз естеріңізде болар. Өткен аптада ауданымызға «Катонқарағайдың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының атсалысуымен Алматыдан «7/2/7 Бюросының» осы саладағы мамандары келіп, аудан орталығының дизайн кодын жасау бойынша зерттеу жұмысымен айналыса бастады. Аталған бюро басшысы Жандос Жұмабай мен артдиректор Дмитрий Лешкович зерттеу жұмысының нәтижесінде өңіріміздің тұмса табиғатының бірегейлігін, жергілікті тарих пен мәдениеттің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, аудан орталығының бірыңғай архитектуралық келбетін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салады.
– Қазіргі таңда біз ең алдымен жіті зерттеу жұмысын жүргіземіз. Катонқарағай ауылының ғана емес, тұтастай ауданның өзіне ғана тән географиялық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тарихи ерекшеліктерін түсініп алуымыз керек. Жергілікті халықтың тұрмыс мәдениетін, дүниетанымына дейін ұғынып алсақ па дейміз. Осы бағыттарда әбден жеткілікті ақпарат жинап алған соң ғана тиісті сараптамалық жұмыс жасап, аудан орталығының дизайн-кодын әзірлеп шығаруға кірісеміз. Бұның бәрі, түптеп келгенде, Катонқарағайдың тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін аса қажет. Осы мақсаттарға қолжеткізуде біз аудандағы жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, тұрғындармен, бизнес, шығармашылық саласындағы адамдармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқарамыз деген ойдамыз, – дейді Жандос Жұмабай.
Айта кеткен жөн, аталған мамандар осыған дейін Алматы қаласының дизайн-кодын жасаумен айналысқан. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс та зерттеу сатысында жүргізіліп жатыр екен.