Жолаушылар құқығын бұзғаны үшін қазақстандық әуе компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жазғы кезеңде рейстер санының ұлғаюына байланысты ҚР заңнамасында көзделген қызметтерді уақытылы көрсетпеу немесе рейсті кешіктіру кезінде қызметтерді көрсетпеу туралы әуе компанияларға жолаушылардың шағымдары жиілеп кеткен.
Осыған байланысты Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісінше ұсыну бөлігінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік әуе компанияларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп мәлімдеді Көлік министрлігі.
Мәселен, 11 шілдеде Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде қызметтерді ұсынбауға байланысты FlyArystan әуе компаниясына әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 567-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Оған сәйкес компанияға 1 000 АЕК айыппұл салынған.
Бұған дейін биылғы жылдың 24 маусымында Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпегені үшін SCAT әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл салынған.