Ғалымдар тазы тұқымының генетикалық құрылымын зерттеді


ЖАҢАЛЫҚТАР 24-07-2024, 15:56 0

Генетика және физиология институтының ғалымдары заманауи молекулярлық-генетикалық әдістерді қолдану арқылы тазы тұқымының генетикалық құрылымын зерттегені туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігіхабарлады. 

Биология ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Анастасия Перфильева  жетекшілік еткен институттың ғалымдар тобы 2021 жылы тазы тұқымын генетикалық зерттеуге грант ұтып алған. 

Тазы тұқымының генетикалық әртүрлілігі мен популяциялық құрылымын анықтау үшін институт ғалымдары генетикалық маркерлердің екі түрін, микросателлиттер мен бір нуклеотидті нұсқаларды зерттеу барысында алғаш рет қолданды.

– Талдау нәтижесінде, тазының генетикалық әртүрлілігі жоғары және инбридинг деңгейі төмен бірегей тұқым екендігі анықталды. Одан бөлек, тазының филогенетикалық тарихта берік орын алған ежелгі тұқым екені расталды. Сондай-ақ тазы тұқымының популяциясы 50 шақты ұрпақ бұрын генетикалық тұрғыдан тығырыққа тіреліп, жойылып кету қаупі төнгені анықталды, - дейді биология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытжан Бекманов. 

Институт ғалымдарының айтуынша, тазының тамаша аңшылық және еңбек қабілеттеріне жауап беретін 18, 22 және 25 хромосомалардағы бес бағыт ерекше қызығушылық тудырады. Осы аймақтарда орналасқан 12 кандидат генінің ішінде CAB39L гені тазы итінің жүгіру жылдамдығы мен төзімділігіне әсер етуі мүмкін. 

Зерттеу нәтижелері тазы тұқымын тәуелсіз жеке тұқым ретінде халықаралық деңгейде мойындау туралы ұсынысқа қолдау бола алады.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив