Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізілген.
Біржолғы зейнетақы төлемі – әлеуметтік кодексте белгіленген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары сомасы.
Емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш беруші немесе оның заңды өкілі біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру үшін БЖЗҚ-дан қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты өз бетінше алады.
Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады, онда соманы және пайдалану мақсатын көрсете отырып өзінің ЭЦҚ-мен куәландырылып, емделу үшін біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтінішті толтырады.
Алушы жұбайының және жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған жағдайда тараптар алушының жеке кабинетінде біржолғы зейнетақы төлемдерін басқаға беру туралы келісім жасасады, ол некені немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса беріле отырып, олардың ЭЦҚ-сымен куәландырылады.
Алушының өз баласын емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға жол беріледі.
Алушы немесе оның заңды өкілі арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін дәрігерлік комиссияның қорытындысын беру туралы өтінішпен өзінің бекітілген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді және алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бейінді маманның қорытындысын қоса береді.
Медициналық ұйымның жауапты адамы өтініш берушіге немесе оның заңды өкіліне уәкілетті операторға ұсыну үшін дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қорытынды береді.
Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі қорытындыны алғаннан кейін шетелдік ұйымды қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдайды және одан әрі шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын және қорытындыны уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы өзінің жеке кабинетінде тіркей отырып, онымен медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасасады.
Уәкілетті оператор алушы немесе оның заңды өкілі біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша ұсынған құжаттарға сәйкес келген кезде алушыдан немесе оның заңды өкілінен құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын тексереді.
Медициналық ұйым мен алушы немесе оның заңды өкілі арасында жасалған медициналық қызмет көрсету туралы шартқа сәйкес медициналық көрсетілетін қызметтердің түрі, пациенттің (алушының) тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), туған күні және қорытындыдан белгіленген диагноз көрсетіледі.
Ұсынылған құжаттар сәйкес келген кезде алушы немесе оның заңды өкілі Уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін айырбастауға және біржолғы зейнетақы төлемдерін халықаралық аударуға қол қойылған өтініштерді ұсынады. Корреспондент банктердің халықаралық аударым үшін комиссиясы біржолғы зейнетақы төлемдері сомасынан ұсталады.
Уәкілетті оператор айырбастауға және халықаралық аударымға арналған өтініштерді олар берілген күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді және біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.
Алушы немесе оның заңды өкілі біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда, қаражат арнайы шотқа түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Сонымен қатар, ҚР аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтерге (тістерді протездеу, имплантациялау) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін бөлуді көздейтін пункттің қолданылуы 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін тоқтатылады.