Баспана ақысын уақытында төлемеді деп Өскемен әкімдігі сотқа берген үш қандастың соты аяқталды 


ЖАҢАЛЫҚТАР 24-07-2024, 13:34 0


"2011 жылдан бері жалдамалы баспана ақысын уақытында төлемеді" деп Өскемен әкімдігі сотқа берген үш қандастың ісі аяқталды. Сотта қазір 11 адамның үстінен түсірілген арыз қаралып жатыр, тағы 270-тен астам адамды сотқа беру көзделген.  Бұл туралы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Амантай Бақыт хабарлаған. Тұрғындар бірақ бұл қарыз "негізсіз" есептелгендігін айтады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі Азаттық радиосына сілтеме беріп.
 
Әкімдік тұрғындарға қарыз мөлшері бойынша үш жыл ішінде ғана талап қоя алатындығы сот шешімінде айтылды. Сондықтан тұрғындардың 2021 жылдан бергі қарыздары ғана есепке алынып жатыр.

– Әкімдікке қарасты бөлімде істейтін жауапты мамандар уақытылы төлем жасамаған адамдарға үш ай сайын ескерту айтып немесе оларды сотқа беріп, ақшаны алып отыруы керек болған. Бірақ бастапқы жылдары "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында берілген бұл үйлердің сапасы мен электр қуатының ақысы көп шығуына қандастардың наразылығы туындаған. Сондықтан облыс басшылығы олардан төлемақы сұрамай, кеңшілік жасаған. Десе де, қарыз жиналып қалғаннан кейін мәселе заң аясында шешілуге тиіс қой. Біз сотқа жүгіндік, судья заң аясында арызды үш жылдағы қарыздар бойынша ғана қарай алатынын айтты, – деді Амантай Бақыт. 


Сот шешімі шыққан алғашқы адамның бірі – Әскерхан Қуанбай. Оның қарызы – 497 мың теңге, ал ай сайын 0,1 пайыз қосылған өсімпұлы 1 млн теңгеден асқан. Сот оны тек 2021 жылдан бергі 95 мың теңге қарызы мен 33 мың теңге өсімақысын, жалпы 128 мың теңге төлеуге міндеттеді.

Ал Мирагүл Талапхан мен Жайна Ақшоқының кейінгі үш жылдағы үй жалдау ақысы төленгендіктен сот әкімдіктің олардың үстінен берген арыздарын қараусыз қалдырған.

2011 жылы Өскемен іргесінде шетелден көшіп келетін қандастарды үй-жай, жұмыспен қамту үшін үкімет іске қосқан "Нұрлы көш"   бағдарлама аясында Шығыс деп аталатын ауыл салынып, қандастар қоныстандырылған. "Қағаз үй" деп аталатын қаңқасы СИП-панельден құрастырылған бұл баспаналар қыста суық тартып, тұруға жарамай қалғаннан кейін халық наразы болған. Үйді тоқ пешпен жылытқандықтан олардың электр қуатына берешегі 88 млн теңгеге жеткен.  Тұрғындардың сөзінше,  2013 жылы осы жағдайдан соң әкімдік "үйді жөндеп алыңыздар, жалдау ақысын сұрамаймыз" деп жеңілдік берген. Бірақ кейін, яғни биыл ақпанда сол кезден бері қарыздары жиналып, оған өсімақы қосылып кетті деп ескерткен. 

"Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың халыққа берген уәдесі бар еді. Үйлерді жөндеп алсаңдар, төрт-бес жылда өздеріңдікі болады, сондай заң бар деп айтқан. Халықтың көбі соған алданған. Аренда ақшасын салмаған. Оның есебіне үйлерін жөндеткен" деді ауыл тұрғындары. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив