1 млн 137 мың: Тәуелсіздік алғалы елге келген қандастар саны белгілі болды


ЖАҢАЛЫҚТАР 24-07-2024, 13:18 0

2024 жылдың 19 шілдесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1991 жылдан бері қанша этникалық қазақ атамекеніне оралғанын айтты.


Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.


«Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралған», делінген мәлімдемеде.


Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7% – Өзбекстаннан, 5,9% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 3,3% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.


Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 9,9%-ды құрайды.


Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 23,2%-ы орта кәсіби білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді, және 4,6%-ының білім жоқ.


Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.


Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.


«Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.


Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.


Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.


Айта кету керек, 2024 жылдың мамыр айында Қазақстанда кандас мәртебесі жаңа жолмен берілетіні хабарланған болатын. Бұл түзетулер кандас мәртебесін беру туралы өтінішті Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі «Құтты мекен» АЖ мобильді қосымшасы арқылы ғана емес, керек құжаттарды ұсынып, мемлекеттік корпорация арқылы да беруді көздейді.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив