Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы, шамамен, 75 жастан асады - министр


ЖАҢАЛЫҚТАР 24-07-2024, 16:52 0

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуы бойынша, қазіргі уақытта қазақстандықтардың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асады. Бұл туралы министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беру кезінде айтты.

Сонымен бірге, министрдің сөзінше, жыл басынан бері елде инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген. Вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Министр медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр дегенді де айтады. Алғашқы көмек және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді.

Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілуде. Медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген. Олар қолданысқа енгізіліп жатыр.

Президентке жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған "Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары" туралы ақпарат берілді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Кездесу соңында мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив