Алматылық белсенді Мария Кочнева әлеуметтік желіде рэп фристайлына қатысып, «Йоу, орыстар» әнін орындаған видеосы тарап кеткеннен кейін Алматының Алмалы аудандық полиция бөліміне шақырылған болатын. Ал белсенділердің бірі Темірлан Еңсебектің айтуынша, бұл әнді Украинада болып жатқан соғысқа қарсы екендіктерін білдіру үшін айтқан, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen сайтының тілшісі Азаттық радиосына сілтеме беріп. Айта кету керек, Алматылық белсенді Мария Кочнева – Өскемен қаласының тумасы.
«Маша екеуміз бір көрініс ойлап таптық - Шуламаның рэп батлында ән айттық. Әнді айту мақсатымыз соғыс жүріп жатқанын және біз бұл соғысқа қарсы екенімізді тағы бір рет еске салу болатын. Өйткені, бұл ән Украинада соғыс басталғаннан кейін сәнге айналды. Сондықтан біз бұл әнді оқуды жөн көрдік. Маша өзі ән айтуды шешті», - деді Темірлан Еңсебек.
Қазақтың «Шулама» фильмінің парақшасында жарияланған бейнеролик жарты миллион қаралым мен мыңдаған пікір жинады. Бірақ бірде-бір жағымсыз пікір көрінбеді. Белсендінің айтуынша, видео «Z-publics» сайтында тарала бастаған, содан кейін полиция Мариямен байланысқа шыққан.
Дегенмен, Мария Кочнева өзінің полицияға қандай себеппен шақырылғаны туралы хабарланбағанын, тек «түсініктеме беру» керек деп шақырғандарын айтты. Оның айтуынша, шақыру қағазы да келмеген.
«Ол маған бейнені жіберді. Оның айтуынша, бұл бейне қоғамдық наразылыққа ұласты. Ол маған міндетті түрде бөлімшеге келіп, оның басшылығымен сөйлесуім керек деді. Ал өзінің ештеңе шешпейтінін айтты», – дейді Мария Кочнева.
Сондай-ақ белсенді желідегі видеодан кейін оған және жақындарына сес көрсеткен хабарлама алғанын айтты.
«Олар мені өлтіреміз деп қорқытып, қорлау сөздерін жазады. Мен өзіме қорғаныш сұраймын. Бұл жаңалық, яғни бейнеролик анам мен оның таныстарына жіберілді. Сондай-ақ олар мені «рейд» тобына қосты. Олар нашақорларды, ЛГБТ өкілдерін және киімдерінде американдық жолақтары бар адамдарды тауып, ұрып-соғады», - деді Мария Кочнева. Сес көрсетілген дауыстық хабарламада «сені және отбасыңды өлтіреміз», «сен барлығына жауап бересің» деген ер адамның қоқан-лоқы сөздері жазылған.
Мария өзі туралы жағымсыз сипатта хабар таратып жатқан телеграм-арналардың авторларының үстінен полицияға арыз жазатынын ескертті.