ШҚО драма театрындағы келеңсіздіктің жай-жапсары


Басты 2-07-2024, 12:15 0

29 маусым, театр террасасы. Спектакль жүріп жатыр. Билей келіп балконның жақтауына сүйенген актриса шалқасынан құлап түсті. Балконның жақтауы сынып кеткен екен. Шамамен 1 метр биіктен құлап, басын еденге қатты соққан оны қойлым бітер-бітпестен жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетті.

Бұл Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында болған оқиға. Көрермендердің бірі ұялы телефонына жазып алған дәл осы сәттің видеосы әлеуметтік желіні шарлап, қоғамдық резоннанс туғызды.

Осыдан кейін театр ұжымы "мына жағдай театрдағы кемшіліктердің бір ғана көрінісі" деп, BizdiңӨskemen сайтының редакциясына хабарласты. Сайт тілшісі мәселенің мән-жайына үңіліп, өнер ордасы басшылығының да пікірін сұрап көрді.

Зардап шеккен актрисаның аты-жөні: Мақпал Елтайқызы. Оның айтуы бойынша, «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» спектаклі кезінде балкон жақтаушасы ретінде қойылған декорация дұрыс бекітілмеген. Сахнаға шығатын адамдардың қауіпсіздігі ескерілмеген жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ дейді ол.

Құлаған кезде қатты жараландым,.Арқам ісіп, қолым тыртық болып қалды. Негізі біздің террассада спектакль қою талапқа сай емес. Ол жерге басшылық айтқаннан кейін қоюға мәжбүрміз. Қарсы болып тұрсақ та, билет сатылып кеткеннен кейін амалсыз ойнауға тура келеді. Көрермен отырғандықтан қойылым үзіліп қалмасын деп орнымнан тұрып, рөлімді ойнап кеттім. Әрі спектакльге Алматы қаласынан кәсіби сыншы Анар Еркебай келген болатын, сол кісі көріп отырған соң актерлердің көңілін қимай, спектальді ойнауды ары қарай жалғастырдым. Бірақ сәлден кейін жедел жәрдем шақырып, кетуге мәжбүр болдым. Спектакль ол кезде әлі бітпеген , келесі сахналарға шыққан жоқпын, - дейді Мақпал Елтайқызы. 

Актерлер террассада спектакль болмасын деп бұрын да ұсыныс айтқан екен, бірақ "ескерілмейді" деседі.  Олардың сөзіне қарағанда, бұл театрда болған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін тағы бір актриса қыздың басына сахнаның штанкеті түскен . 

29 күні Мақпал декорациядан құлайтын сахнада мен де бармын. Мақпал ет қызуымен орнынан тұрып, ары қарай ойнап кетті. Соңғы биіне ғана шыға алмай жедел жәрдеммен кетіп қалды. Біздің айтқымыз келетіні: актерлерге жағдай жасалмағаны. Басшылықтан не сұрасақ та ақша жоқ деген жауап аламыз, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актрисасы Айым Бегмат.

Одан бөлек, театрда алкагольді сусындардың сатылатыны туралы жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Мақпал Елтайқызының сөзінше, террассада  шарап тұратыны өтірік емес. Бірақ дәл сол күні ішімдіктің болған, болмағанына жарақат алып қалғаннан кейін аса қатты мән бермеген. 

Сонымен бірге актерлерді гастрольдік сапарға барарда апаратын көліктің жайы алаңдатады. Айтуларынша, мыңдаған шақырым жердегі Моңғолияға, Қазақстанның солтүстігіндегі қалаларға шағын автобуспен қолайсыз жағдайда барып келеді. Тым болмағанда пойызбен жөнелту керек деседі.

Оқиға театр ауқымынан шығып кеткендіктен өнер ордасына облыстық мәдениет басқармасының басшылығы барып, жиналыс өткізді. Театр актерлары осы уақыт дейін іштерінде жиналып қалған өкпе, реніштерін айта отырып, басшылыққа бірқатар талаптар қойған. Олар театрға бөлініп жатқан мемлекет қаржысын мұқият тексеру керек дегенді де айтады.

Бұл мәселе туралы театр директоры Руслан Қайырсынов пікір білдірді. Оның айтуынша, актрисаның құлауына не себеп болғаны, кім кінәлі екені анықталып жатыр. Еңбек инспекциясы тексеру жүргізеді. Ал театр актерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамту бойынша әкімдікке сұраныс жіберілген. Театр ішіндегі кемшіліктер де біртіндеп реттеліп келеді. Террассада қойылым өткізуге тыйым жоқ, ішімдік те сатылмайды.

Әртүрлі талап қойылды, кейбір талаптармен келісемін, кейбір талаптармен келіспеймін. Театрдың дамуы бойынша сұрақтар қойылды. Ол көбінде қаржы мәселесіне тіреледі. Бірте-бірте жасалып жатыр, - деді Руслан Қайырсынов.

Ақмарал Мұхтарбекова

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив