Өскеменде жыл сайын граффити стилінде салынған муралдардың саны артып келеді. Тұрғындар "олар көпқабатты үйлерге сән беріп тұр" дейді. Бірақ көпшілік қабырғадағы суреттердің авторлары кімдер екенін біле бермейді.
Ендеше таныс болыңыздар. Tigrohaud Crew командасының мүшелері - Ержан Танаев пен Әли Зәкір. Бұл екі азамат бұған дейін Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларында дәл осындай жұмыспен айналысқан. Салған туындылары көпшіліктің көңілінен шыққан олар Өскемен қаласында жұмыс істей бастады.
Біз суретші екеудің бірі, Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің, Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі, стрит-арт, граффити суретші Ержан Танаевты әңгімеге тартып көрдік. Ол Өскеменде салынып жатқан муралдарды кім таңдайды, қабырғаға сурет салудың қиындығы қандай деген тәрізді сұрақтарға жауап берді.
Ержан Танаев пен Әли Зәкір. Сурет: manshuq.com
— Граффити стилінде сурет салуды қашан қолға алдыңыз, жалпы неліктен бұл бағытты таңдадыңыз?
— Граффити стилімен 2007 жылдан бері салып келе жатырмыз. Граффитимен колледжде оқитын кезде қызығып айналыса бастадық. Кейін «SNICKERS URБANиЯ» атты фестивальге қатыстық. Сол жылдары хип хопқа деген қызығушылығымыз оянды. Хип хоптың бір мүшесі, бір бөлігі болғымыз келді. Бірақ кейін өзіміз өнер колледжінде оқып жатқандықтан граффитиді таңдауды жөн санадық.
— Осыған дейін еліміздің бірнеше қаласында муралдар салынды, Өскемен қаласында да бұл бастаманы жалғастыру идеясы қайдан келді?
— Бүгінге дейін Қазақстан бойынша 60 жуық мурал салған екенбіз. Жобаны Өскемен қаласында жалғастыруға қалалық әкімдік қолдау білдірді.
— Өскемен қаласында қазіргі таңда 20-ға жуық мурал салынды. Естуімше бұлардың көпшілігі әкімдіктің тапсырысымен салынған суреттер. Осылардың ішінде сіздердің өздеріңіздің жеке ұсыныстарыңызбен салынғандары бар ма?
— Көбінесе көп қабатты үйлердің сыртына суреттерді әкімдіктің қолдауымен саламыз. Биыл екі жұмыс Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимовтың 100 жылдық мерейтойына арналған және Қазақстан полициясы күнін мерекелеу қарсаңында салынған муралды полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен салдық. Жеке ұсыныс дегенде негізі тақырыпты әкімшілік өздері береді. Бірақ суретті салмас бұрын олармен алдын ала ақылдасамыз. Біз көркемдік жағынан әдемі болуына қараймыз, олар идеология жағынан халыққа ұнамды болуына мән береді. Кейін эскиздерді өздеріміз жасап, муралдарды салуға кірісеміз.
— Суреттерді таңдағанда неге мән бересіздер?
— Біз бұл өңірдің тумасы болмағаннан кейін көп нәрсені біле бермейміз. Сол үшін де біз суреттерді таңдаған кезде әкімшілікке көбірек жүгінеміз. Олар қала көшелерінде көбінесе Алаш зиялыларының портреттері салынса дейді. Патриоттық тақырыптағы суреттерді салуға тырысамыз. Шығыс Қазақстан өңірінің әдемі табиғат көріністерін де бейнеледік. Мысалы, Мұзтауды салған кезде әкімдік өкілдерімен көбірек ақылдастық. Себебі тауды өзіміз көрмеген екенбіз.
— Бір картинаны салып бітуге бастан аяқ қанша уақыт кетеді? Қабырғаға сурет салудың қиындығы неде?
— Жалпы бір картинаны салып бітуге 2-3 күн кетеді. Кейде қабырғаның қиындығына, көлеміне, ауа-райына байланысты уақыт ұзарады. Мысалы, 8 қабатты тұрғын үйге салған кезде бір апта уақыт кетті. Негізі муралдарды кірпіштерге, тасқа салу қиындау. Тегіс қабырғаға салу оңайырақ болады.
— Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Ақмарал Мұхтарбекова