Жыл сайын 6 желтоқсанда елімізде Прокуратура күні атап өтеді. Өйткені 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының жоғары қадағалау органының жүйесі бекітілген еді. Тәуелсіздік жылдары прокуратура қоғамда заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуда мемлекет тірегіне айналды. Биыл прокуратура халықты әлеуметтік қорғау, жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың, экономикалық сектордағы азаматтар мен мемлекеттің мүддесін қорғау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, қылмыстық істерді тергеу, мемлекеттік айыптауды қолдау, құқықтық процестерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастық және басқа да бағыттарда заңдылықты күшейтуде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кәсіби мереке қарсаңында еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловпен сұхбаттасудың сәті түсіп, жоғары қадағалау органы жұмысының маңызды аспектілері туралы кеңінен сөз қозғадық.
Қадағалау қызметінің ауқымы артты
– Берік Ноғайұлы, ең алдымен, сізді және барша прокуратура қызметкерін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Осы орайда әңгімемізді Қазақстан прокуратурасының ширек ғасырлық қызметі жөнінен бастасақ. Осынау уақытты белгілі кезеңдерге бөліп қарастыруға бола ма? Бұл кезеңдік өзгерістердің қадағалау қызметіне тигізген әсері қандай болды?
– Құттықтауыңызға рахмет және еліміздің бас басылымы бетінде пікір білдіру мүмкіндігін ұсынғандарыңызға алғысымды білдіремін. Ең алдымен прокуратураның мақсаты мен міндетіне аз-кем тоқталып өтсем деймін. Прокуратура, бірінші кезекте, өзінің қадағалау әлеуетін Конституцияның басты құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығын қорғауға бағыттайды. Оның жұмысындағы ең басты қағидат – заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтау.
Біздің міндетіміз – прокурорлық қадағалау құралдары арқылы кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеу» қағидасының орындалуына қол жеткізу, қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Құқық бұзушылықтың алдын алу мен әділдікті қалпына келтірудің ең басты құралы жазадан бұлтартпау шарасы екені белгілі.
Қоғамда заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, қадағалау әдістері мен құралдарын үнемі жетілдіріп жатырмыз. Шетелдік әріптестердің озық тәжірибесімен алмасуды ұдайы жүзеге асырып келеміз. Жалпы, қызметіміздің тиімділігін арттыру үшін жоспарлы түрде қарқынды жұмыс жүріп жатыр.
Прокуратураның қалыптасу жолы мен тарихы туралы сұрағыңызға келсек, егемендікке қол жеткізген күннен бастап прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, тың серпінмен дамып келеді. Еліміздің алғашқы жоғары саяси құжаты – Мемлекеттік егемендік туралы 1990 жылғы 25 қазандағы декларацияда Республика аумағында заңдардың нақты және біркелкі орындалуын қадағалау прокурорға жүктелетіні атап көрсетілген. 1991 жылғы 6 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің «Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың өздігімен жұмыс істеуі және тәуелсіздігі туралы» қаулысының қабылдануы – еліміздің қадағалау органы тарихындағы маңызды қадам. Дәл осы маңызды шешім Қазақстан прокуратурасы тарихи жылнамасының сүрлеуіне жол ашты.
1995 жылғы еліміздің Ата заңын қабылдау айрықша маңызды тарихи сәт болатын. Ата заңымызда мемлекетіміздің президенттік басқару нысаны айқындалды. Атап айтқанда, прокуратураның Мемлекет басшысына тікелей бағынысты болатынын, оның басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіздігін, сондай-ақ қадағалау органдарының бірыңғай орталықтандырылған сатылай бағынысты жүйесін нақтылап бекітті.
2022 жылы Республикалық референдумда Ата заңға өзгеріс енгізу арқылы қадағалау органы тарихына жаңа бетбұрыс жасалды. Жаңартылған Конституцияда Прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілді.
– Прокуратура алдында тұрған құқық қорғау міндеттері өмірде әрқайсымыздың алдымыздан шығатын көптеген мәселеге байланысты екені анық. Тіпті кейде қоғамдық мәселелердің басым бөлігі прокурорлық қадағалауға қатысты болып көрінеді. Осыған не дейсіз? Прокуратура қызметінің негізгі бағыты мен жұмыс ауқымына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Бұл сұраққа жауапты Конституциядан табасыз. Онда прокуратураның негізгі функциялары айқын көрсетілген. Бұл – заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүдделерін білдіру және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында Бас прокурорға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді. Бұл функциялар екі жыл бұрын қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заңда, процестік кодекстерде және басқа да заңдарда көрсетілген.
Прокурорлар жедел-іздестіру қызметі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотта айыпты қолдауды қоса алғанда, қылмыстық-құқықтық саладағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Азаматтарымыз жоғары қадағалау органының қызметі туралы хабардар болған сайын, біздің қызметіміздің алуандығы мен қыруар қыры ашыла түседі. Прокурорлар жедел-тергеу топтарын құрады, оларға басшылық жасайды, істерді өздері тергеп-тексереді. 2023 жылдың басынан бастап азаптауларды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек прокурорлардың ғана құзыретіне берілді.
Сонымен қатар күшіне енгізілген сот үкімдерінің заңдылығын, қылмыстық жазалардың орындалуын, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың құқығы сақталуын, жазасын өтеген адамдардың пробациядан өтуі мен әлеуметтік бейімделуін қадағалауды жүзеге асырамыз. Яғни бүгінде прокуратура қызметі қылмыстық-құқықтық саланың барлық кезеңін қамтып отыр.
Қадағалау қызметінің ауқымы қоғамдық мүдделер саласында да артты. Бұл ретте біз азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және қылмыстық салаға байланысты емес өзге де құқықтарын қорғау үшін жұмыс атқарамыз. Әсіресе көмекке мұқтаж балалар, егде адамдар және құқықтарын өздігімен қорғай алмайтын адамдардың мүдделерін қорғаймыз.
Еңбек қатынастары саласы – біздің ерекше назарымызда. Осы жылы прокуратура актісі бойынша 122 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды, 278 млн теңге сомаға еңбекақы өндіріліп алынды. Сондай-ақ меншік туралы заңнаманың, қаржы заңнамасының, салық, кеден, бюджеттік қатынастар, табиғат қорғау заңнамаларының сақталуына қадағалау жүргіземіз. Көлік саласында 640 млн-нан аса сомаға мемлекет мүддесі қорғалды.
Қадағалау аясына әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік әділеті, азаматтық істер бойынша сот шешімдерінің орындалуы жөніндегі істер кіреді. Қадағалау құралдары адамдардың өміріне және денсаулығына, елдің қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайларда да жұмылдырылады.
Әлеуметтік-экономикалық салада құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде осылайша жүйелі қадағалау қалыптасқан. Биыл прокуратура актілері бойынша 287 мыңнан аса адамның конституциялық құқығы қалпына келді, 1,5 млн-ға жуық жасөспірім қорғалды, оның ішінде алимент бойынша 4 млрд теңге өндіріліп алынды.
Әскерде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Прокурорлар 10 мыңнан аса әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын, оның ішінде медициналық көмек көрсету мәселелері, барлық тиесілі өтемақы мен жәрдемақының уақтылы төленуін қоса алғанда еңбек құқықтарын сақтау мәселелері бойынша қорғады.
Негізгі бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастық. Қылмыстық-құқықтық салада басқа елдермен өзара байланыса жұмыс істеу, қылмыстық қудалау мәселелері бойынша шетелдерде мемлекеттің мүддесін білдіру – аса жауапты іс. Қазір прокурорлар шетелдік және халықаралық арбитраждарға қатысады, активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талаптар қояды. Бас прокуратура халықаралық шарттар жасау арқылы шет мемлекеттермен ынтымақтастықтың құқықтық базасын қалыптастырады.
Жалпы, прокуратура жоғары қадағалау органы ретінде заңдылық, құқықтық тәртіп пен қылмыскерлікпен күрес мәселелерінде барлық мүдделі органды үйлестіру міндетін атқарады. Менің жетекшілігіммен Үйлестіру кеңесі отырыстарында қылмыстың алдын алу бойынша тиімді шаралар, есірткі бизнесіне, алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да қоғам үшін маңызды тақырыптарға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Мен прокурорлар қызметінің негізгі салаларына ғана тоқталып отырмын, егер қадағалау саласының нақты бағыты туралы сұрағыңыз болса, жауап беруге дайынмын.
Прокуратура адал бизнестің ғана мүддесін қорғайды
– Олай болса, ендігі кезекте қадағалаудың жекелеген бағыттарына көшкім келеді. Прокуратура туралы конституциялық заң жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне мемлекеттік органдар, оның ішінде жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар араласқан кезде қорғауды жүктеп отыр. Былтыр Мемлекет басшысы Бас прокуратураға инвестициялық жобалармен жұмыс істеуді тапсырды. Инвесторлармен жұмыстар туралы айтып өтсеңіз. Оларды сүйемелдеу қалай жүргізіледі, бұл жұмыс барысы шетелдерде қолға алынған ба және жеке бизнестің мүдделерін қорғауда прокурорлық көмек қаншалықты жиі қажет етіледі?
– Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды ұдайы жариялап отырамыз, брифингтер және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы көп нәрсе айтуға болады. Бұл жұмыс тек прокуратураға қатысты емес екенін атап өткім келеді. Осы орайда инвестицияларды тартумен айналысатын ауқымды жүйе қалыптасты. Оған Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті, «Kazakh Invest» АҚ, әкімдіктер кіреді. Әрқайсысының өз міндеттері мен функциялары бар. Олардың мақсаты ортақ – инвестициялық ахуалды жақсарту, еліміздің экономикасына үлес қосу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жаңа өнеркәсіптерді құру және жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру.
Қазіргі уақытта «прокурорлық сүзгі» деп аталатын іс-шара аясында прокурорлар бақылау-қадағалау және басқа да мемлекеттік органдардың шектеу-тыйым салу сипатындағы шешімдерін қабылдамас бұрын тексеріп отырады. Енді прокурордың келісімінсіз ешқандай мемлекеттік органның инвесторды тексеруге, әкімшілік жауапқа тартуға, қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға, келісімшартты біржақты бұзуға және талап қоюға құқығы жоқ. Бүгінде «прокурорлық сүзгі» Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика жөніндегі комитетінің жүйелерінде цифрланған. Инвесторларға қатысты барлық мемлекеттік органның шешімдері нақты уақыт режімінде прокурорға түседі. Бұл мемлекеттік органдар шешімдерінің уақтылы қабылдануын қамтамасыз етеді.
Бұл жұмыс кейінгі бір жарым жыл бойы жүргізіліп келеді және оң нәтижелер беріп жатыр. Прокурорлар мемлекеттік органдардың 584 шешіміне келісім беруден бас тартты, 248 тексеріс пен 229 әкімшілік іс жүргізудің жолын кесті. Жалпы, биыл біздің қызметкерлер 195 қадағалау актісін енгізді, оларды қарау нәтижесінде мемлекеттік органдардың 54 шешімінің күші жойылды. Инвесторлар құқығын бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі 119 лауазымды адам жазаланды.
Бүгінгі таңда прокуратура әлемнің 27 елінен келген Жалпыұлттық пулдың 769 жобасын және энергетика, туризм, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика жүйесі және басқа да маңызды бағыттар саласында 70 ірі инвесторды сүйемелдеп отыр. Сүйемелдеу мәні – жобаны іске асыру кезінде инвесторларды құқықтық қолдау және мүдделерін қорғау. Егер инвесторлар жұмысында қандай да бір проблемалар туындаған жағдайда, оларды жедел түрде шешеміз, бюрократиялық әуре-сарсаңға салуға жол бермейміз. Инвесторлардың әрбір жолданымын уәкілетті органдарға жібермей-ақ қараймыз.
Өңірлерде фронт-офистер жұмыс істейді. Прокурорлар инвесторлармен күнделікті кездеседі, олардың кейстерін қарайды, құқықтарын қайта қалпына келтіру шараларын әзірлеп, қажет болса, тиісті уәкілетті органдарға тапсырмалар береді. Осы жұмыстар шеңберінде 596 инвесторға, оның ішінде Түркия, БАӘ, Германия, Сингапур, Қытай, Ресей және Франциядан шетелдік инвесторларға көмек көрсетілді. Олардың Қазақстанның экономикасына үлесі – 9,9 трлн теңге. Мысалы, құны 450 млн доллар тұратын бу-газ құрылғысының құрылысы бойынша жобаны кеңейту үшін прокурорлық сүйемелдеу аясында инвесторға қосымша жер берілді. Тағы бір мысал, инвестициясының көлемі 192 млн доллардан асатын шетелдік инвесторға теміржол, су жүргізу құбырлары және электрмен қамту сияқты инфрақұрылымдарды жүргізуге грант алуға көмек көрсетілді. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі «прокурорлық сүзгі» енгізу заңнамалық тұрғыда бекітіліп жатыр.
Отандық және шетелдік инвесторлардың тізілімін қалыптастыру заңнамалық новелла болады. Бұл тізілімге ел үшін маңызды нақты жобалары бар инвесторлар кіреді және соларға «прокурорлық сүзгі» қолданылады. Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодексі тізілімге енгізілген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы мемлекеттік органдардың шешімдері оларды тек прокурормен міндетті түрде келіскен жағдайда ғана қабылданатыны жөніндегі нормамен толықтырылады. Азаматтық процестік кодексте мемлекеттік органдарды прокурормен міндетті түрде келіскеннен кейін (соттың заңды күшіне енген және енбеген шешімдеріне шағым жасау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың сотқа жүгіну құқығын жоғары тұрған мемлекеттік органдармен келіскеніне ұқсас) инвесторларға қатысты талап қоюмен сотқа жүгінуге міндеттейтін ереже көзделеді. Әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен келісу бойынша осыған ұқсас түзетулер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылады. Тиісті заң жобасын Парламент жылдың соңына дейін қабылдайды деген үміттеміз.
Инвестициялық жобаларды прокурорлардың сүйемелдеу практикасы басқа елдерде де бар. Мұндай механизмді олардың тәжірибелерін ескере отырып енгіздік. Инвесторлар үшін аса қолайлы ел болып саналатын Сингапурдың тәжірибесі басшылыққа алынды. Көршілес өзбек елінің тәжірибесі де назардан тыс қалмады. Мұның бәрі – халқымыздың игілігі үшін атқарылып жатқан кешенді әрі тиімді іс-шаралар.
– Сіз басқаратын сала инвесторлармен бірге жеке кәсіпкерлердің құқығын қорғайтынын білеміз. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?
– Жеке кәсіпкерлердің қызметінде мемлекеттік органдардың араласу фактілері орын алған жағдайда олардың құқықтарын прокурорлардың қорғауы Прокуратура туралы конституциялық заңда тікелей атап көрсетілген. Прокурорлар әрқашан адал бизнестің ғана мүддесін қорғайтынына назар аударған жөн.
2000 жылдан бастап Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде бизнесті тексеру міндетті түрде тіркелуге жатады. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулерге толығымен тыйым салынған. Олардың орнына тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген кәсіби бақылау енгізілген. Ол жазалау сипатында емес, айыппұлсыз, алдын алуға бағытталған. Тек кемшіліктерді жоймаған жағдайда жауапқа тартылуы мүмкін.
Бақылаушы органдар тарапынан бизнеске түсетін салмақты азайту бойынша жұмыс Мемлекет басшысының Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы мамыр айындағы Жарлығында да жалғастырылған. Нәтижесінде, тексерулер жоспарлы түрде азайды, 10 жыл ішінде олардың саны 6,5 есеге қысқарды (319 мыңнан 48 мыңға дейін). Мұның барлығы еліміздің іскерлік ахуалына оң ықпал етеді. Жыл сайын он мыңдаған кәсіпкердің құқығын қорғаймыз, мыңдаған заңсыз шектеу шарасын жоямыз, 9 мыңға жуық заңсыз тексерудің жолын кесеміз, мыңнан аса шенеунік жазаға тартылады.
«Атамекен» ҰКП және депутаттық корпуспен бірлесіп тұрақты түрде бизнес-форумдар өткізіледі. Онда бизнес үшін жүйелі мәселелерді шешу шаралары әзірленеді. Тек осы жылдың өзінде форум нәтижесі бойынша 40-тан аса осындай мәселе шешімін тапты. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдан бастап субсидия беруге негіз болған ауыл шаруашылығы техникасының шекті құны туралы мәліметтерді жаңартпаған. Салдарынан шаруалар өздерінің шығындарына болмашы ғана төлемдер алып отырған. Біздің бастамамыз бойынша шаруалар пайдаланатын ауылшаруашылық техникасының 58 түріне шекті баға қайта қаралды. Жарнама үшін салық салу практикасы, заңсыз мониторингтер жүргізу, жеке кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығару қысқартылды, бөлшектеп сату саудасы үшін орындар белгіленіп, осы тәріздес көптеген жұмыс атқарылды.
– Қазір қоғамды толғандыратын тақырыптардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару. Бұл, әрине, заң бойынша жабық тақырып және оларды жариялауға жол берілмейді. Дегенмен қайтарылған активтердің жалпы көлемі туралы білгіміз келеді. Осы қаражат есебінен қандай әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр?
– Расында да, бұл – прокуратура қызметінің ең өзекті бағыттарының бірі. 2023 жылдың шілдесінде Парламент осы жұмыстың негізін қалаған заң қабылдады. Бас прокуратурада активтерді қайтару жөніндегі дербес комитет құрылды. Бұл – Үкімет жанындағы комиссияның жұмыс органы. Комитетте заңгерлер, экономистер, банк саласының, өзге де бағыттардың мамандарының кәсіби ұжымы жұмыс істейді. Олар экономиканың әртүрлі саласына қатысты көптеген құжатқа талдау жасалып жатыр. Бұл – үлкен қажырлы еңбек.
Активтерді қайтару жұмысы заң қабылданғанға дейін басталғанын білесіздер. Бүгінгі таңда активтер шамамен 2 трлн теңге сомасында қайтарылды. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында активтерді қайтару субъектілерінің әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға қатысулары қажеттігін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Үкімет жанындағы комиссия отырысында активтерді қайтару субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық қаласында 120 орындық дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда 400 орындық ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы құрылысы мақұлданды.
Қазір Бас прокуратура комитеті 18 млрд теңгеден аса сомаға 7 әлеуметтік жобаны іске асыру туралы келісімдер жасасты. Сондай-ақ Үкімет Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша мен Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу туралы шешім қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.
Ашық сот азаматтардың сенімін нығайтты
– Қылмыстық-құқықтық салада кейінгі жылдары елеулі өзгерістер болды. Прокуратураның бұл тұрғыдағы рөлі жаңғыртылды. Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз...
– Бұл саладағы реформалардың барлығы мемлекеттің конституциялық құндылықтарын қорғауды күшейту үшін жасалып жатыр. Қылмыстық-құқықтық жүйені кешенді түрде жаңғырту қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларын қабылдай отырып, он жыл бұрын жүргізілген еді. Заңнамалық базаны және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленген бағыттарды ескере отырып, Президент қойған міндеттер шеңберінде жүргізілді. Сонымен қатар заңнамалық база кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді, жаңа көзқарастарды ескере отырып, сот және құқық қорғау практикасы да қалыптасты.
Реформалаудың пәрменді қадамы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу болмақ. Ол не дейсіз ғой? Мәніне тоқталып өтейін. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сотқа дейінгі кезеңдегі проблемалар туралы айтқан. Біріншіден, бұл тергеп-тексеру органдарының жұмысында айыптауға бейімділіктің басым болуы, азаматтарды қылмыстық қудалау аясына жөнсіз тарту орын алғаны белгілі. Ең басты қателік – жедел қызметкерлер мен тергеушілер негізгі міндет қылмысты ашу ғана деп пайымдайтын басшылардың қол астында жұмыс атқарғаны.
Сондай-ақ прокурорлық қадағалау кешеуілдеп басталатын, прокурорлар іспен тек сотқа жіберер алдында ғана танысатын. Осыған орай 2021 жылдан бастап қылмыстық процестің жаңа моделіне көшу басталды. Бұл тұрғыда тергеу органдарының, прокуратураның және соттың жауапкершілік деңгейі нақты айқындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары күдіктілерді анықтайды, олардың кінәсін дәлелдеуге айғақтар жинақтаумен айналысады. Прокуратура жинақталған материалдарға баға беріп, тергеп-тексерудің түйінді шешімдерін бекітеді, егер дәлелдер жеткілікті болса, істі сотқа жолдап, айыптауды қолдайды. Сот істі қарап, үкім шығарады. Қазіргі уақытта қылмыстық процесс осы жүйе бойынша жұмыс істейді.
Ең бастысы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы сатысында адамдарды тергеу органдарының негізсіз шешімдерінен қорғайтын қосымша құқық қорғау қалқаны қалыптасты. Қылмыстық қудалау органдарының прокурордың келісімінсіз шығарған шешімдерінің заңды күші мен құқықтық салдары болмайды.
Үш буынды модельді іске асыру кезінде «прокурорлық сүзгіден» шамамен 1,5 млн тергеу шешімі өтті. Күдіктілер мен жәбірленушілердің құқықтарына қатысты 112 мыңнан аса заңсыз процестік актіні қабылдауға жол берілмеді. Прокурорлар 8 мыңнан аса адамның қылмыстық жауапқа заңсыз тартылуының алдын алды.
Кейінгі үш жылда прокурорлар сыбайлас жемқорлық, адам өлтіру және басқа да аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін өздері жасайды. 2026 жылдан бастап алдын ала тергеп-тексеру аяқтаған барлық іс бойынша айыптау актілері прокуратураға беріледі. Мұнда «Үш буынды модельді енгізу арқылы қандай өзгерістер болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, әуре-сарсаңға салу азайды, шешім қабылдау онлайн-режімге көшірілді. Нәтижесінде, жөнсіз қағазбастылық тоқтатылды, цифрлық технология барынша толығымен қолданылып жатыр. Тіпті бірқатар процестік іс-әрекет Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, сараптамалар тағайындалады, анықтамалар, қорытындылар алынады. Осылайша, адам құқығын қорғау күшейтіліп, тергеп-тексеру сапасы арта түсті.
Мәселен, тергеу органдарының жұмысына шағымдану төрттен бірге қысқарды (өткен жылы 1 707 болса, биыл – 1 299). Тергеп-тексеру сапасының төмендігіне шағымданған соттардың жеке қаулылары да айтарлықтай азайды (2 073-тен 1 407-ге). Прокурорлар мен соттар заң бұзушылықтар мен қателіктер азайғандықтан тергеу органдарына істерді сирек қайтаратын болды. Атап айтқанда, осы жылы соттар – 433, өткен жылы 1 247 іс қайтарған, ал прокурорлар биыл – 614, былтыр 637 істі қайтарған.
Тағы да бір маңызды мәселеге тоқталып өтсем деймін. Адвокаттар, жәбірленушілер, олардың қорғаушылары және қылмыстық процеске басқа да қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тең дәрежеде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тергеушілер қылмыстық істің материалдарына өздері ғана «қожайын» емес. «Жариялы сектор» порталын енгіздік, бұл арқылы қажетті процестік құжаттармен қашықтан танысуға және алуға болады.
Жүзеге асырылып жатқан жаңа өзгерістердің дұрыстығын Конституциялық сот растады. Биыл 29 мамырдағы шешімінде прокуратура қызметінің Конституцияда айқындалған барлық бағыты нақты қылмыстық процесте көрініс тапқанын атап өтті.
– Кейінгі уақытта ашық сот процестері мемлекеттік айыптаушыға жүктелген міндеттердің күрделілігін және прокурордың жауапкершілік деңгейін көрсетті. Тіпті адамдар үшін бұл жаңалық болды және жұрт мемлекеттік айыптаушының шеберлігін байқады. Әрине, прокурорлар үшін бұл – күнделікті әдеттегі жұмыс. Мемлекеттік айыптаушының соттағы рөлі қандай? Прокурордың айыптаудан бас тартқан жағдайы болды ма?
– Сіз дұрыс атап өттіңіз, шындығында қоғамда, әсіресе, жастар арасында сот процесіне, оның ішінде судья, қорғаушы, сарапшының жұмысына және мемлекеттік айыптаушыға деген қызығушылық артты. Өйткені резонансты қылмыстық процестер онлайн көрсетіліп, оларды көрген адамдардың саны рекордтық қаралымға жетті. Оның ішінде шетелдіктер де бар.
Адамдар адвокаттардың жәбірленушілерді, сотталушыларды қалай қорғайтынын, прокурордың сөйлегенін қызығушылықпен бақылап отырды, жекелеген жайттар мен ерекшеліктерді байқады. Мысалы, мемлекеттік айыптаушы процесс кезінде тергеушілер жинақтаған материалдарды ғана басшылыққа алмайтынын, сот талқылаулары барысында кінәнің қосымша дәлелдері айтылатынын және кінәсінің жоқтығы дәлелденетінін көрді. Прокурорлардың қатысуымен жылына шамамен 30 мың қылмыстық іс қаралады.
Мемлекеттік айыптаушының басты мақсаты – әрбір іс бойынша әділ шешімге қол жеткізу, сот төрелігінің жүзеге асуына ықпал ету. Сондықтан ол істі өзі де қосымша зерттеп, сотқа барлық дәлелдемені ұсынуы керек. Мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына тәуелсіз. Егер де дәлелдердің жоқтығына немесе дәлелдемелер айыпталушы құқығын бұза отырып алынғанына көзі жеткен болса, сотта айыптаудан бас тартады. Бұл қылмыстық істің тоқтатылуына және сотталушының толық ақталуына алып келеді. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Кейінгі үш жылда прокурорлар 22 адамға қатысты айыптаудан бас тартты. Прокурорлар кейбір заңсыз сотталғандардың ақталуына ықпал етті. Тек осы жылдың өзінде Бас прокурордың наразылығымен 10 адам толықтай ақталды.
Сонымен қатар прокурорлар соттың негізсіз ақтау үкімдерін шығаруына да ден қояды. Мысалы, осы үш жыл ішінде жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ете отырып, біз бұрын ақталған 193 адамды жоғары тұрған сот сатыларында қаралып, сотталуына қол жеткіздік. Мәселен, Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы сот жас өгей қызына қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасағаны үшін айыпталған К-ге қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. Жаңа сот талқылауларының қорытындысы бойынша ол ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, мемлекеттік айыптауды қолдау жоғары кәсібилікті, шешендік шеберлікті, кездейсоқ жағдайларда тез шешім қабылдай білуді талап етеді. Осы кәсіби шеберліктерді дамыту үшін біз жыл сайын Жоғарғы соттың, Республикалық адвокаттар алқасының, танымал заңгерлер мен ғалымдардың қатысуымен мемлекеттік айыптаушылар форумын және «Үздік мемлекеттік айыптаушы» конкурсын өткіземіз. Олардың арасынан үздіктерді анықтаймыз. Сол арқылы сотта қылмыстық істерді қарау проблемалары мен басқа да өзекті мәселелерді талқылаймыз. Сонымен қатар қызметкерлерге арнайы тренингтер ұйымдастырамыз.
– Өткен сұхбатыңызда азаптауларды прокурорлардың тергеп-тексеру практикасы туралы айтып едіңіз. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауларға жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылады?
– Біз азаптаулар мәселелеріне өте қатал қараймыз. Пенитенциярлық жүйеде азаптаулардың алдын алуға ерекше назар аударылған. Сотталғандардан қатал қарау туралы келіп түскен кез келген хат-хабар азаптаулар тұрғысынан ғана қаралады.
Кезекші прокурорлар мекемелерге күнделікті барып тұрады, жоспарсыз тексерулер, оның ішінде түнгі уақыттарда да жүргізеді. Сотталғандардан анонимді сауалнама алу практикасын енгіздік. Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық 78 мекемесінде жаппай бейнебақылау орнатылған. Прокурорлар қашықтық режімде, шамамен, 40 мың бейнекамера жұмысына мониторинг жүргізеді. Электрондық өтініш беру терминалдарының саны екі есе артты. Олар асханалар мен отрядтарда орналасқан. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде мұның 612-сі бар. Осынау жұмыс нәтижесінде биыл азаптау фактілерін тіркеу бойынша істер 24-тен 5-ке азайды, мекемелерде азаптаулар бойынша 17 адам сотталды.
Конституциялық сотпен өзара жұмыстың септігі
– 2022 жылдан бастап елімізде конституциялық әділеттің жаңа институты енгізілді. Бұл – Конституциялық сот. Бас прокуратураның осы органмен өзара іс-қимылы туралы айтып өтсеңіз.
– Сұрағыңыз өзекті. Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету үшін біз Конституциялық сотпен тығыз байланыстамыз. Азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруда көзқарасымыз ортақ, конституциялық әділет пен жоғары қадағалау міндеттері өзара ұштасып жатыр. Бұл дегеніміз, Конституциялық сот – Конституцияны ресми түрде түсіндіре отырып, конституциялық заңдылықты, заңдарды, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, халықаралық келісімдерді ратификациялауға дейін тексеруді қамтамасыз етеді.
Прокуратура органдары ел аумағында жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Оның негізгі мәні – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Прокуратура қадағалауды жүзеге асыру кезінде, ең алдымен, нормативтік-құқықтық актілерді, өзге де шешімдерді және әрекеттерді конституциялық және заңдылық тұрғысынан зерделейді. Бұл ретте прокурорлар наразылық, ұсыну, нұсқау беру сияқты ден қою актілерінің алуандығымен ерекшеленеді. Заң бұзушылықтар анықталған, оның ішінде Ата заң талаптары бұзылған жағдайда дер кезінде жою мүмкіндігі зор.
Заңнамаларға қайшы келетін құқықтық актілер шығарылған кезде прокурорлық ден қою жолымен мемлекеттік органдардың алдына олардың күшін жою немесе өзгеріс енгізу туралы мәселе қоямыз. Ал егер олар келіспеген жағдайда сотқа жүгінеміз. Осылайша, мемлекеттік органдардың 1 440 шешімі өзгертілді, оның ішінде 267-сі нормативтік-құқықтық сипатта, олардың 25-і әділет органдарында тіркелген. Мысалы, Абай облысында прокуратура наразылығымен облыстық мәслихат шешіміне түзетулер енгізілді және тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізбесіне ауған соғысының ардагерлерімен бірге басқа мемлекет аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері қосылды. Заң бойынша жеңілдікке құқықтары бола тұра олардың деректері тізбеге енгізілмеген.
Енді қадағалаудың аталған тетіктерімен қоса бізде тағы да бір пәрменді құрал – Конституциялық сотқа жүгіну бар. Осы жылы Бас прокурордың екі өтінішхаты бойынша Конституциялық сот өзінің қорытынды шешімдерін шығарды. Конституциялық сотпен конституциялық іс жүргізудің барлық сатысында ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Конституциялық соттың жекелеген шешімдерін орындаудағы прокуратура жұмысына тоқталып өткім келеді. Бұл қоғамдық өмірдің барлық саласымен байланысты. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес қысқартылған тәртіпте әкімшілік жазаларды қолдануға сот тәртібінде шағымдануға мүмкіндік болмаған. Конституциялық сот өзінің қаулысында азаматтардың сотта мұндай жазаларға шағымдану құқығы бар екенін атап көрсетті.
Конституциялық соттың құқықтық нұсқауларын орындау үшін прокуратура органдары қадағалау тәртібінде шаралар қабылдады. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды қоспағанда, қысқартылған тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға жалпыға бірдей белгіленген ережелер бойынша шағым жасалмайды. Алайда Кодексте жаңа дәлелдер бойынша қайта қарауға жататын құжаттар тізбесінде қысқартылған тәртіппен шығарылатын қорытынды актілер қамтылмаған. Сол себепті Конституциялық сот өзінің түсіндірмесімен осы қорытынды актілерге жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шағымдануға мүмкіндік берді.
Конституциялық соттың құқықтық нұсқауларын орындау үшін прокуратура органдары қадағалау тәртібімен шаралар қабылдады. Мәселен, Шымкент қаласында прокуратура әкімшілік құқық бұзушылықтарды қысқартылған тәртіпте дұрыс қолданбаған 3 фактіні анықтады және Конституциялық соттың №12 қаулысына сәйкес азаматтарға жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарауға құқықтарының бар екенін түсіндірді.
Жамбыл облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандарға қатысты қысқартылған тәртіпте енгізілген әкімшілік жазалар бойынша 5 наразылық енгізді. Облыстық полицияның уәкілетті бөлімшесі Конституциялық соттың шешімін басшылыққа ала отырып, аталған әкімшілік жазалардың күшін жойды.
Солтүстік Қазақстан облысында өз денесіне зақым келтіргені үшін сотталған адамға тәртіптік жаза заңсыз тағайындалған. Бұл №37 нормативтік қаулыға қайшы. Мұндай әрекет режімді бұзуға бағытталмаса, сотталғанның өз пікірін білдіруінің бір тәсілі ретінде қаралады. Прокуратура жазаның күшін жойды және кінәлі адамдарға қарсы тәртіптік іс жүргізуге бастамашылық жасады.
Қайталап айтсам, біздің негізгі мақсатымыздың бірі – Конституциялық сот қолдаған жеке тұлғаның өзінің құқықтарына қол жеткізе білуі және осындай істер бойынша басқа да азаматтардың құқықтарын қорғау.
– Берік Ноғайұлы, енді прокуратура қызметкерлері туралы сұрағым келеді. Сіз қадағалау қызметінің барлық сатысынан өттіңіз. Прокурорлардың жаңа толқынына қандай баға бересіз? Олардың қандай іскерлік қасиеттерін атап өтер едіңіз?
– Сауалыңыз менің алғаш прокуратураға келген жастық шағымды есіме түсірді. Әрине, ол кезде заман бөлек еді ғой. Алайда прокуратура үлкен өмір мектебі болып қала берері даусыз. Бұл салада қызметкер өзінің кәсіби еңбек жолында қылмыстық, азаматтық заңнаманы жетік меңгерген, заң саласының барлық бағыты бойынша сот процестеріне қатыса алатын, сөзге шешен толыққанды заңгер болып қалыптасады.
Прокуратураның барлық қадағалау функциялары қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын бекітуге, жоғары конституциялық құндылықтарды – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын тағы да атап өткім келеді.
Сонымен қатар қадағалау практикасы арқылы прокурорлар ағартушылық жұмыстарға және қоғамда заң мен тәртіпті құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға белсенді қатысады. Бұл мәселе біздің қоғам үшін стратегиялық маңызы зор, сондықтан осы бағытта тығыз жұмыс істейміз.
Әрине, прокуратурада жұмыс істеу өте күрделі, қызметкерлерден барынша жинақылықты, жауапкершілікті және ұтқырлықты талап етеді. Әрбір прокурордың кәсіби дамуына және жалпы прокуратураның беделін нығайтуға институционалдық жадыны сақтау маңызды. Сонымен қатар қадағалау жұмысының жоғары сапасын қамтамасыз етуге прокуратура қызметкерлерінің барлық буынының терең тәжірибесі арқылы жинақталған бай тәжірибе ықпал етеді.
Қазіргі жастар алғыр, білімді, көптеген тілді меңгерген, ІТ-технологияларды жақсы игерген. Адам бойындағы бұл қасиеттер құқық қорғау саласында да маңызды. Себебі жасанды интеллекті пайдалануға байланысты жаңа қауіптер мен криминалдық қатерлердің туындап отырғанын көріп отырмыз және оларға жылдам, салмақты түрде ден қоя білу, заңдылықты қамтамасыз етуде инновациялық тәсілдерді жасап, енгізе білу қажет.
Осындай жоғары білікті кадрлық құрам Әділетті Қазақстанның іргесін нығайта түсуге лайықты үлес қоса алады. Бұл еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе және біздің тарапымыздан бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай жас мамандарды іріктеуді барынша қолға алып отырмыз. Бас прокуратураның академиясы қазіргі уақытта бастапқы даярлықты жүргізеді. Болашақ қызметкерлерімізді жұмыстың санқырлылығын ескере отырып, оларды қадағалау жұмысына жан-жақты үйретудеміз. Курстарды аяқтағаннан кейін олар қызметке дереу тағайындалып, өздерінің алғашқы шендеріне де ие болады.
Прокуратура жұмысы жеңіл емес, бұл жолда адам жинақы, қағидатшыл, жауапкершілігі мол, шапшаң және икемді болуға тиіс. Прокуратура күні қарсаңында барлық жеке құрам мен прокуратура ардагерлеріне мықты денсаулық, толағай табыс және отбасына бақ-береке тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»