Қазақ даласындағы аспан әлемін тану мәдениеті

ЖАҢАЛЫҚТАР 2-07-2025, 16:02 0

Адамзат тарихында аспан әлемін бақылау, жұлдыздар мен планеталардың қозғалысын түсінуге талпыныс – ежелден келе жатқан үрдіс. Қазақ халқы да өз тұрмысында, шаруашылық жүйесінде, тіпті дүниетанымында аспан құбылыстарына ерекше мән берген. Дала философиясы мен фольклорының, жыраулар мен ақындардың жырларында да аспанмен байланысты ұғымдар жиі кездеседі.

Мәселен жұлдыздар. Қазақ халқы түнгі аспанды бақылау арқылы уақыт пен бағытты анықтауды жетік меңгерген. Мысалы, Жетіқарақшы – аспандағы ең танымал шоқжұлдыздардың бірі. Ол арқылы көшпенділер түнде бағыт-бағдарын тауып отырған. Темірқазық жұлдызы да солтүстік бағытын көрсетуде маңызды рөл атқарған. Үркер – қазақ халқының ауа райын болжауда пайдаланған аспан денелерінің бірі. Үркердің көкжиектен көрінуі немесе батуы арқылы наурыз айының басталғаны, күннің жылынғаны немесе салқындағаны аңғарылған.

Сондай-ақ, халқымызда аспанға қатысты наным-сенімдер де көп. Қазақ халқында аспан әлемі тек ғылыми бақылау объектісі ғана емес, сонымен қатар мифологиялық және рухани кеңістік ретінде де көрініс тапқан. Аспан Жаратушы мекені, Тәңірдің билік ететін орны ретінде сипатталады. Осыған байланысты «аспанға қарап тілек тілеу», «жұлдызың жансын» сияқты тұрақты сөз тіркестері қалыптасқан. Қазақ ертегілері мен аңыздарында, батырлар жырында да жұлдыздар туралы мәліметтер молынан кездеседі. Мысалы, «Күн мен Айдың арасы» немесе «Құс жолы» жайлы аңыздар халықтың қиялы мен ғылыми танымының тоғысын көрсетеді.    

Қазақ халқының аспан әлеміне деген көзқарасы – бұл бай дүниетанымдық мәдениеттің көрінісі. Табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, аспан құбылыстарын тұрмыстық және рухани қажеттіліктермен ұштастыру – көшпенді өркениеттің ерекше мұрасы. Бүгінгі таңда бұл танымдық байлық ғылыммен сабақтасып, жас ұрпаққа ұлттық құндылық ретінде ұсынылуы тиіс.

Диляра Тұрсынғазы


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив