Шығыс Қазақстан облысында есірткінің заңсыз айналымымен күреске бағытталған «Қарасора – 2025» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Операция басталғалы бері 40-тан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталып, 20 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аталған іс-шара аяқталуына әлі төрт айдай уақыт бар. жедел-алдын алу іс-шарасы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтеді. ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділовтің айтуынша, операцияның басты мақсаты – есірткіні заңсыз тасымалдауды тоқтату, құрамында есірткі бар өсімдіктерді жою, есірткі таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу.
– Операция басталғалы бері 40-тан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталып, 20 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Есірткі сатқан адамдар ұсталды. Заңсыз айналымнан мефедрон және альфа-ПВП секілді психобелсенді заттар алынды, – деді Дәулет Жұмаділов.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар полицейлер тыйым салынған заттар өсірілген 4 фитозертхананы анықтап, жойды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында өңірде кешенді шаралар қолға алынған.
Жалпы, 71 мыңнан астам адамды қамтыған 300-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді.
26 мамыр мен 26 маусым аралығында БҰҰ-ның Есірткіге қарсы күрес күніне орай өңірде арнайы алдын алу айлығы өтті. Бұл кезеңде 48 іс-шара ұйымдастырылып, жастардың белсенділігіне ерекше назар аударылды.