сурет: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен
Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
– Біз Ұлан ауданы үшін маңызды жаңа нысан – Қасым Қайсенов кентіндегі заманауи емхананы аштық. Бұл – жай ғана ғимарат емес. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде ауылдық жерлерде де, медициналық мекемелердің кең желісі қалыптасқан. Тек Ұлан ауданында аудандық аурухана, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер жұмыс істейді. Соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, жабдықтау және жаңадан салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ұлан ауданында 5 жаңа медициналық пункт салынды, 4 амбулатория жөндеуден өтті. Жаңа емхана ауыл және аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмекке, нақты диагностика мен уақтылы емделуге жол ашады, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жаңа емхана бір ауысымда 150 адам қабылдай алады, жалпы ауданы 3853 шаршы метрді құрайды. Емхана ғимараты заманауи стандарттар мен технологияларға сай жобаланған, пациенттер үшін жайлы жағдай мен медицина қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған.
Қабылдауды жалпы практика дәрігерлері және келесі салалық мамандар жүргізеді: оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр, стоматолог.
Диагностика жүргізу үшін микробиологиялық және серологиялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бактериологиялық зертхана қарастырылған. Емханада ФГДС, колоно- және видеоколоноскопия, рентген, маммография, флюорография, УДЗ, физиотерапия кабинеттері жұмыс істейтін болады.
Мекеме құрамына қысқа мерзімді емделуге арналған күндізгі стационар, жоспарлы және шұғыл операциялар жасалатын ота блогы, стоматологиялық және хирургиялық кабинеттер кіреді. Сонымен қатар, терапевт кабинеті мен төрт шақыру санаты бойынша шұғыл медициналық көмек бөлімі жұмыс істейді.
Жедел жәрдем қызметінің тиімді жұмыс істеуі үшін екі санитарлық автокөлікке арналған гараж ғимараты салынған. Бұдан бөлек, жақын арада жедел жәрдем станциясын жаңа емхана ғимаратына көшіру жоспарланып отыр.