Өскемен қаласында 6 шілде күні Астана күнін мерекелеу қарсаңында «Шексіз шығармашылық» атты облыстық фестиваль өтті.
Алтай, Самар, Тарбағатай, Шемонаиха, Ұлан, Катонқарағай аудандарынан келген мүмкіндігі шектеулі қолөнершілердің көздің жауын алатын екі жүзден астам сәндік-қолданба жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Фестивальді тамашалауға келген жандардың ішінде Сергей Елисеев, Марат Смаилов, Ирина Усова сынды қылқалам шеберлерінің картиналарына қызығушылық танытқан жандар аз емес.
– Мен бұл фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Бұрын ою ойып, жастық, көрпе тігетінмін. Қазір изолон, памераннан түрлі бұйымдар жасаймын. Осы туындыларымның бір парасын бүгін көрмеге әкеліп отырмын, барлығы көріп мақтап жатыр, - деді Катонқарағай ауданынан келген қатысушы Зульфира Еркасимова.
ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен облысымыздың барлық аудандарынан келген тұрғындардың басын біріктірген ауқымды іс-шараға жалпы қырық сегіз адам қатысты.
– Бүгін облысымыздың көптеген зағип жандары өздерінің өнерлерін көпшілікке паш етіп, қолөнер туындыларымен қатар әдемі суреттерін көрмеге алып келді. Қала тұрғындары мен қала қонақтары келіп осы кісілердің туындыларын көптеп сатып алуда. 5 шілде күні мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыстары қаланың көптеген азаматарының арасында тарап тиісті бағасын алған еді. Атап айтсақ, Марат Смаиловтың суреттерінің ішінде бес-алты данасы ендігіде сатылып та кетті. Глубокое ауданы, Риддер қаласынан келген қатысушылардың жұмыстары, қолөнер туындылары үлкен сұранысқа ие болып жатыр, - дейді Шығыс Қазақстан облысының этнографиялық мұражайының көрме бөлімінің басшысы Нұртас Жиенбаев.
Фестиваль қатысушылары көркем сөз оқу, аспаптық, вокальдық, хореографиялық және түрлі шығармашылық бағытта шеберліктерін көрсетті. Концерттік бағдарламаны тамашалаған көрермендер "сахнада өнер көрсеткен мүмкіндігі шектеулі жандардың әрқайсысы кәсіби әншілерден кем өнер көрсеткен жоқ" деп, өнерпаздардың өнеріне дән риза болды.
Ақмарал Мұхтарбекова