Елтаңбаны өзгерту мәселесі күн тәртібінен алынып қалды


ЖАҢАЛЫҚТАР 24-07-2024, 15:18 0

Елтаңбаны өзгерту туралы мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Әзірге талқылау жүргізілмейді. Бұл жөнінде мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Естеріңізде болса, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға Елтаңбаны өзгерту керектігін, өйткені қазіргісі қабылдауға қиын екенін айтқан болатын.

«Мен мамандар мен мүдделі азаматтардың, оның ішінде жастардың Қазақстан Елтаңбасын қабылдау қиын, себебі, онда кеңестік дәуірдің белгілері бар екені туралы орынды дәлелдерін ескерген жөн деп санаймын. Келісімге сәйкес, барлық аспектілерді жан-жақты қарастыратын және қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құру қажет. Кейін, Қазақстанның жаңа Елтаңбасының ең үздік эскизіне байқау жариялау керек», - деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда.

Дегенмен бұл ұсыныс көпшіліктің сынына да қалған. Естеріңізге сала кетейік, елтаңбаны өзгерту туралы біраз пікірлер қоғамға тараған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде мемлекеттік рәміздерге қатысты қауесетке жауап берді. Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін – деді ол. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады – деді Тоқаев.

Атыраудағы сөзінде Тоқаев елтаңбада совет кезеңін еске салатын белгілер барын меңзеді. Көбі "президент елтаңбадағы жұлдызды айтып тұр" деп топшылады.

1992 жылы елтаңба қабылданған кезде елтаңбадағы бес бұрышты жұлдыз "адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді" деп түсіндірілген еді.

"Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді... Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық" деп жазылған Ақорда сайтында.

Кей белсенділер қаржылық шығынын есептеп те үлгерді. Мысалы, белсенді, саясаткер Санжар Боқаев әлеуметтік желіде елтаңба өзгерсе, мемлекет кемінде 10 млрд теңге шығынға бататынын айтты.

"Диаметрі 50 см болатын елтаңбаның бір данасы шамамен 70 мың теңге тұрады. Мемлекеттік мекемелерде ілініп тұратын диаметрі бір метр болатын елтаңба шамамен 140 мың теңге тұрады. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелердегі елтаңбаларды, орталық және жергілікті атқару органдарындағы шенеуніктердің кабинетіндегі елтаңбаларды ауыстыру үшін қанша ақша кететінін есептедім. Бір жылдың өзінде бюджеттен оған 7-8 млрд теңге жұмсаймыз. Біз барлық мемлекеттік мекемелердің бланктерін шығарамыз. Шетелдегі барлық елшіліктердің ғимараттарында да елтаңба ілінген. Оларды қоссақ, тағы 2-3 млрд теңге керек. Қазір бізге мұндай шығын керек пе? Миллиардтаған қаражатты есепке алсақ, бұл жерде лобби бар деп есептеймін" деді Санжар Боқаев.

Қазіргі елтаңба 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен марқұм Шот-Аман Уәлиханов.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив


Соңғы жаңалықтар