Облыстық мәслихат жиналысында тұрғындар мен мемлекеттік орган қызметкерлеріне арналған ортақ абаттандыру ережелері бекітілді. Құжатта бұрын реттелмеген баптар да бар. Олардың бірі ит серуендетуге байланысты бап. Енді қожайындары серуен кезінде иттерінің артын тазалап жүруге міндетті. Ал серуеннің өзі рұқсат белгілері қойылған жерлерде ғана жүзеге асырылады.
«Белгілерді әкімдік орнатуға тиіс. Егер белгі жоқ жерде серуендесе, полиция алғашқыда ескерту жасайды. Белгі орнатпағаны үшін әкімдікке айыппұл салынады»,- дейді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Сондай-ақ құдық люктері туралы тармақ пайда болды. Енді егер люктің қақпағы ашық болатын болса, қызмет көрсету ұйымы оны тауып, 1 сағат ішінде белгілеп, ақауды 5 сағат ішінде шешуі керек. Автотұрақтарда рұқсатсыз блок орнатуға тыйым салынады. Сондай-ақ жеке және көпқабатты үйлердің айналасын тазарту, күтіп-ұстау туралы бөлімдер бар.
Полиция қызметкерлері ережелердің сақталуын қадағалайды. Ереже бұзушыларға Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша айыппұл салынады. Жыл басынан бері ШҚО-да 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.