Өскеменнен Риддер, Алтай, Шемонаиха, Семейге баратын жолдар 2025 жылдың соңына дейін жөнделеді. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мәлім етті.
"2024 жыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланғанын білеміз. Министрлік бұл бағыттағы көптеген жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын. Өңірде сапасы жағынан тұрғындар тарапынан жиі сынға түсетін бірнеше жол бар. Бұл Өскемен – Риддер, Өскемен – Семей, Өскемен – Шемонаиха бағыттары, сондай-ақ Рахман қайнарына баратын жол. Осы бағыттардағы жолдарды қалпына келтіру жобалары үкімет тарапынан қолдау тауып, қажетті қаражат бөлінді", - деді ол.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, биыл төрт жолға орташа жөндеу жұмыстары басталады. Бұларды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.