Екінші жаһан соғысында жан алысып, жан беріскен батырлардың есімі қашан да ел есінде. Бүгінде облыс орталығындағы бірқатар көшеге даңқты майдангерлердің есімі берілген. Мәселен, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Сағадат Нұрмағамбетов, Дмитрий Карбышев, Николай Ватутин және Владимир Мыза. Осыдан кейін-ақ «Өскемен – батырлар қаласы!» деген сөз еріксіз ойға оралып, мақтаныш сезім кеудеңді кернейді.
Бұл есімдер көптің ауызында жиі айтылады, естіледі. Дегенмен осы адамдардың ерлігін аға буын жақсы білсе де, кейінгі толқын біле бірмес.
Ұлы Отан соғысы туралы сөз болғанда, ойға бірден оралатын тұлғаның бірі – Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлы – 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, батальон, полк командирі болған. Гвардиялық дивизияны басқарып, білікті қолбасшы ретінде даңқы шығады. Жазушы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабында Бауыржан Момышұлының батырлығы, әскери біліктілігі шынайы баяндалған. Кітап көптеген шет тілдеріне аударылып, ержүрек қазақтың есімі жаһан жұртына танылды.
Батыр бабамыздың есімі Өскеменнің көрікті шағын ауданы – Күленов кентіндегі көшелердің біріне берілді.
Қан майданда қазақ арулары да ерлікпен шайқасты. Бұған тарих куә. Солардың бірі әрі бірегейі – мерген қыз Әлия Молдағұлова.
Ұлы Отан соғысы жылдарында екінші Балтық жағалауы фронтында, 22-әскердің 54-арнайы атқыштар бригадасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқан.
18 жасында-ақ майданға өз еркімен аттанған қазақтың қайсар қызы тоқсанға жуық жау әскерінің көзін жойып, оққа ұшты.
1944 жылы 4 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Сұрапыл соғыс жылдары Отан үшін от кешкен тағы бір даңқты батыр 1943 жылы майдан шебіне аттанған– Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов.
Сұрапыл соғыста ол пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі болып шайқасты.
1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезінде көзсіз ерлік көрсеткені үшін 21 жастағы Сағадат Қожахметұлына Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Көптеген әскери лауазымды қызметті атқарған Сағадат Қожахметұлы 1992 жылы егемен еліміздің ең алғашқы қорғаныс министрі болып тағайындалады.
1993 жылғы оған генерал-полковник шені берілсе, бір жылдан кейін Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілген.
Дмитрий Карбышев (1880 – 1945) – неміс тұтқынында азапталып өлтірілген генерал-лейтенант, ұлты – татар.
Азамат соғысы кезінде қорғаныс аумағының құрылыс жұмыстарын басқарды, Шығыс майданының 5-ші армиясы инженерлерінің бастығы болды. Орал қорғанысына қатысты.
Ұлы Отан соғысының бас кезінде-ақ майданда ауыр жараланып тұтқынға түсті. Фашистердің өлім лагерінде әскери тұтқындар арасында антифашистік үгіт жүргізді. Германияға қызмет етуден үзілді-кесілді бас тартқан соң фашистер оны Маутхаузен лагерінде азаптап өлтірді.
1965 жылы 24 сәуірде Өскемен қалалық кеңесі Заречная көшесін Карбышевтің құрметіне атаған.
Армия генералы, 1-ші Украин майданы әскерлерінің қолбасшысы Николай Ватутин (1901–1944) бас штабта жоғары лауазымдарды иелене отырып, стратегиялық әдіс-қиылдарын, білімі мен тәжірибесін кеңінен қолдана алды.
1944 жылы 29 ақпанда Н. Ватутин жау оғынан жарақат алды. Қаланың әскери госпиталінде, содан кейін Киевте оның өмірі үшін ең мықты дәрігерлер, оның ішінде әйгілі хирург Н. Бурденко күресті. Алайда талантты қолбасшыны құтқару мүмкін болмады, ол 1944 жылдың 15 сәуіріне қараған түні қайтыс болды. 17 сәуірде Н. Ватутин Киевтегі Мария саябағында жерленді.
Ал Ұлы Отан соғысы кезіндегі көптеген сәтті операциялардың қолбасшысы болған көрнекті әскери қолбасшы Николай Ватутинге Кеңес Одағының батыры атағы 1965 жылы берілген болатын
1955 жылы Өскемен қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен Лесозавод кентінің Первомайская көшесіне Николай Ватутиннің есімі берілді.
Жерлесіміз, 3-ші Украин майданы 185-ші гвардиялық атқыштар полкі командирінің орынбасары, гвардия капитаны Владимир Мыза 1937-1939 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, 1942 жылы ұрыстарға араласа бастады.
1943 жылдың 26 қарашасына қараған түні 185-атқыштар полкінің батальоны Днепр өзенінен өтіп, Разумовка селосы маңындағы плацдармға бекініс құрды. Осы уақыт ішінде Мыза батальоны 13 қарсы шабуылды тойтарып, оларға ауыр соққы берді. 1944 жылы 30 қаңтарда 3-ші Украин майданы жауынгерлері шабуылға шығып, Никопольск-Кривой Рог операциясы басталды. Миролюбовь-Красиндорф ауданында немістер қорғанысына қатты соққы беру кезінде батальонды шебер басқара білді. 1944 жылы 5 ақпанда Днепр облысы Никопольск ауданы Новоивановка селосы маңында минометпен атқылау кезінде жақыннан жарылған неміс минасынан В. Мыза ауыр жарақат алып, ертеңінде қайтыс болды.
1944 жылғы 22 ақпанда Мыза Владимир Ивановичке Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Өскемен қаласында Мыза атындағы көше бар, өзі оқыған мектепке мемориалдық тақта орнатылған.
Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Тылда тер төккен кәрі-жастың ерен еңбегі де ел жадында мәңгілік қала бермек. Тарихты біліп, өткенге тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз, келешекке аманат.