Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өңірде цифрлық шешімдер енгізіліп, атаулы көмек кеңейтілуде, жаңа оңалту және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып жатыр.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, облыста ерекше назар аударуды қажет ететін 300 мыңнан астам адам тұрады: зейнеткерлер, ардагерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 5 млн теңгеден бір реттік жәрдемақы берілді. Сондай-ақ тыл еңбеккерлері мен майдангерлердің әйелдеріне 392 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 7 мамырға орай Ауған соғысы, Чернобыль және басқа да әскери қақтығыстарға қатысқандарға берілетін төлем көлемі 150 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ардагерлерге тегін санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігі берілді: жыл басынан бері 1 616 адам Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында емделді.
Өңірде 13 мыңнан астам көпбалалы ана бар, олардың 8 951-і төрт және одан көп баласы бар отбасылар. Соңғы төрт жылда олардың саны 40%-ға өсті. 8 наурызға орай 13 мыңнан астам әйелге 15 мың теңгеден берілді.
2025 жылдың алғашқы төрт айында 895 отбасы (4 мыңнан астам адам) атаулы әлеуметтік көмек алды. Халық табысын арттыру бағдарламалары белсенді іске асуда: шамамен 6 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Соның нәтижесінде көмекке жүгінгендердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41%-ға азайды.
Облыста 27 мыңнан астам мүгедектігі бар адам, оның ішінде 3 мыңнан астамы балалар. Дамуында ауытқуы бар балалар үшін санаторлық емдеуге 100% ақы төлеу және оларды ертіп жүретін ата-аналардың шығындарының 70%-ын өтеу қарастырылған. Өскемен қаласында, Винный және Дайыр ауылдарында иппотерапия бағдарламалары жұмыс істейді, оны жүзеге асыруға ағымдағы жылы 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама Риддер және Ұлан аудандарында да іске қосылады.
Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде 2023 жылдан бастап «Socium» цифрлық платформасы қолданылады, ол барлық арнайы әлеуметтік қызметтерді тіркеуге және қызметкерлердің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жыл сайын 14 мыңға дейін өтінім өңделеді.
Наурыз айында Өскеменде қарттар үшін бос уақытын тиімді өткізуге арналған заманауи «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Мұнда 15 үйірме жұмыс істейді, қазірдің өзінде 400-ден астам зейнеткер осы орталықтың қызметін пайдаланып отыр. Жақын арада мұндай орталықтар облыстың басқа да аудандарында ашылады.
«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, «Baquatty aimaq qory» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Бозанбай ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы ашылады.
Шығыс Қазақстан облысында ешкім де назардан тыс қалмайтын тұрақты, технологиялық және халыққа бағытталған әлеуметтік қолдау жүйесі құрылуда.