Шығыс Қазақстан облысының шекара маңындағы аудандарында ауқымды өзгерістер басталды. Мәселен шекаралық аудандарға апаратын көлік-логистикалық инфрақұрылын жаңғырту мақсатында Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жобасы сәтті жүзеге асырылса, Зайсан және Катонқарағай аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласында Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру аясында «Шекаралық аумақтарды дамыту – өңір дамуының негізі» тақырыбында сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыстық басқармалар, қоғамдық ұйымдар, ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Онлайн режимде Зайсан ауданы әкімдігі қосылды.
Жиынды Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков жүргізді. Ол Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық аудандар мәртебесінің қалпына келтірілуі нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті.
– өңірлерде әлеуметтік және экономикалық өмір жанданып, инфрақұрылым жақсарып келеді, – деді.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы аумақтардың стратегиялық маңызына тоқталып, олардың мәртебесін қалпына келтіру Абай мен ШҚО-да жүзеге асырылғанын еске салды.
– Шекара маңындағы елді мекендердегі жағдай мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді және стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет», — деді Президент.
Маңызды қадамдардың бірі – Тарбағатай, Үлкен Нарын және Марқакөл сынды бұрын таратылған шекаралық аудандардың мәртебесін қайта қалпына келтіру болды. Бұл аумақтардың дамуына, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етті. Басым бағыттардың бірі – қоныс аударушыларды қолдау және ауылдық жерлерге мамандар тарту жобалары: ерікті қоныс аудару бағдарламасы мен «Дипломмен – ауылға!» жобасы.
Кездесуде көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Солардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жобасы сәтті жүзеге асырылып, өңірдің көлік байланысын едәуір жақсартты. Сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр.
Қатысушылар өңірлік даму теңгерімсіздігін азайту қажеттігін де атап өтті. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық және әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған жаңа Өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленуде.