Шығыс Қазақстан облысы жайлы болашақ мекеніне айналып келеді. Соңғы үш жылдың өзінде 46 нысан қолданысқа берілген. Ол қатарда жаңа мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлер бар,деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы екі жыл ішінде облыс аумағында ондаған әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, тағы бірнешеуі – құрылыс сатысында.
Ал 2023 жылдың басынан бері 46 нысан салынып, қолданысқа берілді. Оның:
– 18-і – 2023 жылы,
– 25-і – 2024 жылы,
– 3-еуі – 2025 жылдың алғашқы тоқсанында аяқталды.
Он білім ошағы салынды
Соңғы екі жылда өңірде 10 жаңа мектеп салынды. Оның бесеуі – Риддер, Шемонаиха, Өскемен қалалары мен Белоусовка кентінде орналасқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл білім ошақтарының жалпы сыйымдылығы – 2 100 оқушыға шақталған.
Сонымен қатар, Өскемен мен Зайсанда екі мектеп пайдалануға берілсе, тағы екеуінің құрылысы (Өскемен қаласы мен Опытное поле ауылында) 2025 жылдың жазында аяқталады.
Ауылдарда 31 медициналық мекеме ашылды
2023 жылдан бастап ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Шемонаиха және Алтай аудандарында 31 жаңа медициналық мекеме ашылды.
Жыл соңына дейін тағы үш ірі медициналық нысан іске қосылады:
– Өскемендегі гематология орталығы,
– Қасым Қайсенов кентіндегі емхана,
– Риддер қаласындағы аурухана кешені.
Спорттық инфрақұрылымдар – ел игілігінде
2025 жылы облыс аумағында алты спорт нысанын ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Айнабұлақ ауылындағы спорт модулі және Согра кентіндегі тау шаңғысы базасы бар.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр
2023 жылдан бері өңірде 755,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 6 мың пәтерге тең. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға арналған 1 065 пәтер бар. Соның 628-і – «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында салынды.
2025 жылға қарай тағы 380 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 480 пәтер сатып алынбақ. Оның 108-і – Мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қаржыландырылады.
2023 жылдан бері жаңа құрылыс аудандарында 183,3 шақырым инженерлік желі тартылып, 23 нысан пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы сегіз жоба іске асады, оның ішінде:
– жылу желілерін жаңғырту,
– жаңа тұрғын аудандарға электр энергиясын жеткізу бар.
Егер қаржыландыру кестеге сай бөлінсе, 2025 жылдың соңына дейін ШҚО-да 28 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады. Бұл – жаңа мектептер, медициналық және спорттық мекемелер, инженерлік инфрақұрылым жобалары.
Шығыс Қазақстанда сапалы білім, қолжетімді медицина және жайлы тұрғын үй – нақты қадамдармен жүзеге асуда.